«Денсаулық» медициналық пойызы Атырау
облысындағы жұмысын аяқтап, Қызылорда облысына бет алды. Кестеге сай бірінші
аялдама – Сексеуіл бекеті болмақ. Мұнда «Денсаулық» медициналық пойызының
дәрігерлері тұрғындарды 14-17 маусым аралығында қабылдайды, содан соң Абай
бекетіне барып, 18–20 маусым аралығында жұмысын жалғастырады. Ары қарай
дәрігерлер бригадасы Арал теңізі бекетінің тұрғындарына қызмет көрсетуге кіріседі,
пойыз бұл бекетте 21-24 маусым аралығында болады. Қызылорда облысындағы
шалғайда орналасқан 28 темір жол бекеті мен жол айырығының тұрғындары темір
жолдың жылжымалы дәрігерлер бригадасының қызметіне жүгіне алады.
Қызылорда облысындағы темір жол бекеттерінің тұрғындары екі ай бойы, яғни 21
тамызға дейін денсаулықтарын тексерту үшін дәрігерлердің тексеруінен өтіп,
қажетті алғашқы көмек, кәсіби кеңес және жақын жердегі медицина орталықтарында
ары қарай емделуге жолдама ала алады.
«Денсаулық» медициналық пойызының 8 вагонында науқастарды толық тексеруге,
амбулаториялық ота жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық
жағдай жасалған және зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған.
Медицина бригадасының құрамында келесі мамандықтар бойынша бірінші және жоғары
санаттағы дәрігерлері бар, олар: терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР,
гинеколог, хирург, уролог, стоматолог.
«Денсаулық» пойызы өз жұмысын 2017 жылы 21 сәуірде Маңғыстау облысының Тұрыш
бекетінен бастады, пойыз өз жолында Қазақстанның батыс және оңтүстік
аймақтарындағы темір жол бекеттеріне барады, содан соң 2017 жылы 20 желтоқсанда
Алматы облысында жұмысын аяқтайды.
Медпойыз дәрігерлер бригадасының бекеттердегі жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден
18.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Дәрігерлер
демалмай жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз, барлық қызмет тегін көрсетіледі.
Жазда, жол үстіндегі бекеттерде, медицина пойызының жұмыс уақытында балаларға
арнайы алаңдар мен аттракциондар ұймдастырылады.
Жобаны жүзеге асырушылар: «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік жобалар қоры, «Samruk-Kazyna Trust»
әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Қазпошта» АҚ, Денсаулық сақтау министрлігі,
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аймақтық басқару органдарының
қолдауымен.
http://syrboyi.kz/zedelnews/11907-densauly-medicinaly-poyyzy-yzylorda-oblysyna-zhol-tartty.html