29
Шілде 2015
«Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» акционерлік қоғамы филиалы Қазалы темір жол ауруханасында медицина саласының қызметкерлері «Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті.
Өз жұмысын осыдан бірер ай бұрын бастаған қоғамдық бірлестіктің мақсаты облыстағы медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға бағытталған идеяларды, жобаларды, бағдарламаларды жасау және жүзеге асыру, дәрігерлер мен аяжандардың біліктілігін арттыруға жәрдемдесу, оқу-клиникалық орталығын ашу, медицина қызметкерлерінде туындаған түйткілді проблемаларды шешуге атсалысу, құқықтық кеңес беру, жеке және дәстүрлі емес медицина қызметінің дамуына ықпал етужәне олардың құқықтарын қорғау, қазіргі заманғы озық технологияларды енгізуге ықпал ету болып табылады. Қоғамдық бірлестікке Қызылорда облысында тұратын медицина қызметкерлері, бұл жарғыны мойындайтын және қоғам жұмысына қатысатын ынталы адамдар мүше бола алады. Мүшелікке қабылдау кезінде медициналық мекемеде жұмыс істейтіндігі жөніндегі анықтама, медициналық жоғары және орта оқу орнын бітіргендігі туралы диплом мен жеке куәліктің көшірмесін тапсыру қажет.
Қоғамдық бірлестікжанынан«Сыр медицинасы» атты облыстық медициналық басылым жарық көре бастады. Қазақ және орыс тілдерінде шығатын сегіз беттік газет айына екі рет оқырманның қолына тиеді. Онда медицина қызметкерлерінің мақалалары, осы саладағы айтулы оқиғалар мен жаңалықтар, медицина мамандығының майталмандары туралы материалдар жарияланатын болады.
– Құрметті әріптестер
үнемі демесек те көп жағдайда халық науқас көз жұмған жағдайда не болмаса өзге
де келеңсіздік туған сәтте дәрігерлер қауымын, яғни сіз бен бізді күстаналап
жатады. Реніштерін білдіріп, қоғамда түрлі теріс пікірлердің қалыптасуына себепші
болады. Заң орындарына шағымданып, әділдік іздейді. Осы орайда дәрігердің де
құқығын қорғап, сөзін тыңдайтын бір жанның болғаны дұрыс ғой. Міне осы себепті
де біз қоғамдық бірлестіктің жұмысын қолға алдық. Сіздерді алдағы уақытта
бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын,- деді қоғамдық бірлестіктің төрағасы
Мұхтар Беисов.
Кездесу барысында
облыстық онкологиялық орталық директорының орынбасары Кәрібай Төлеутайұлы
«Көзбен көріп, қолмен сипап, қатерлі ісікке күдіктенуге болатын науқастардың
алғашқы белгілері» тақырыбында баяндама оқыса, «Сыр медицинасы» газетінің бас
редакторы, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі Серікбай
Смағұлұлы психологиялық тренинг сабағын жүргізді. Сонымен бірге «Қызылорда
облысы медицина қызметкерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Мұхтар Беисов «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік
қоғамы филиалы Қазалы теміржол аурухансының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовтың
кеудесіне «Сыр медицинасының үздігі» төсбелгісін тақты.
Суретте: «Қызылорда облысы медицина
қызметкерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Беисов
Құбыл Ршымбетовке «Сыр медицинасының үздігі» төсбелгісін тапсыруда.
Ұлболсын
ТАЛАПБАЕВА
«Қазалы» газеті
https://baq.kz/kk/news/regmedia/regmedia-82615