Вакцина – індеттің емі, сенім – еңбектің тірегі
Өмірде әрбір құндылықтың өлшемі бар. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын жұмыр жерді жайлаған жұқпалы індет әлі күнге адамзатты әлекке салып тұр. Даңғазалық етек алған жаһанда індеп кірген індет несін жасырайық, денсаулықтың қадірін, онан қалса бірлік пен ынтымақ, қайырымдылықтың парқын таразыға тартып бергендей еді. Көп дүние өзгерді. Өлшемін әрбір саналы пенде өз халінше пайымдай жатар, бір анығы, медицинаға көзқарас бір кездегі сыңаржақ жел сөздің ауанынан басқа арнаға ауысты. Өйткені, індетті іркіп, өмір мен өлім арасындағы арпалысқа араша түскен һәм түсіп келетін де осы саланың жанкешті өкілдері.
Шын мәнінде, біз сынға салған бір жылдан қандай сабақ алдық? Медицинаның кешегі әлеуеті мен бүгінгі беталысынан не түйеміз?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловпен сұхбат осы тұрғыда өрбіген еді.
– Сәбит Бексейітұлы, пандемия өміріміздің барлық саласына еркімізден тыс түзету енгізгелі жылдан асып кетті. Сіз өткен жылы індеттің ең көп жағдайы – 1775 адам ауру жұқтырған шілде айында басқарма басшысы болып келдіңіз. Осы жылға жуық уақытқа қандай өлшем жасауға болады?
– Ең алдымен бізге бас бұрып жасалып жатқан жұмысымызды жариялауға уақыт бөліп отырғандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін.
Елде қиын жағдай болып жатқан кезде аймақ басшысының арнайы шақыртуымен денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметіне келдім. Алғашқы 2 апта мемлекеттік қызметке өткенге дейін кеңесші ретінде бірінші сағаттан бастап жұмысқа белсене кірістім. Сол мезеттің өзінде мынау не бітіріп жүр деген халық арасында біраз қауесет тарап, әлеуметтік желіде бірнеше пікір пайда бола бастады. 14 шілде бұйрық алып, әрі қарай қызметке кірісіп кеткен жағдай бар. Шешімін таппай тұрған мәселелер жеткілікті болды. Оның үстіне медициналық қызмет өздеріңізге белгілі, МӘМС жүйесінен қаржыландырыла бастады. Ал, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты медициналық мекемелерде жоспарлы ауруханаға жату, күндізгі стационар жұмыстары толық тоқтатылды. Ол өз кезегінде мекемелерде қаржылық қиыншылықтардың пайда болуына әкеп соқты.
Иә, өткен жылдың шілде айы коронавирустың ең өршіген уақыты болғаны рас. Сол уақытта індетті жұқтырып алған әріптестеріміздің де көбейгеніне уақыт куә. Күнделікті қосымша төсек орындарын ашу сол кездің өзекті мәселесі еді. Медициналық қызметкерлерді індеттен қорғау үшін ауруханаларды «таза» және «лас» аймақтарға бөлу жұмысы белсенді кезең алды, сол мезетте қорғаныс құралдары да жеткілікті түрде әкеліне бастады. Әріптестеріміз індетті отбасы мүшелеріне жұқтырмау үшін бөлек тұруға мәжбүр болды. Қала мен аудан орталықтарында жергілікті бизнес өкілдері шамасы келгенше өз есептерінен демеушілік көмек жасап, медициналық қызметкерлерді ыстық тамақпен және уақытша тұратын мекенжаймен қамтамасыз етуге атсалысты. Осы сәтті пайдалана отырып, сол азаматтарға үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Сол уақыттан бері індет жұқтырғандардың саны 6500-ден асты. Күшейтілген шаралардың арқасында тамыз айынан бастап індет азайып, аталған айдың басына ауруханалар қалыпты режимге көшіп, жоспарлы жұмыс қайта қалпына келтіріле бастады. Аудан орталықтарындағы инфекциялық төсек орындары толық тоқтатылды. Қыркүйек айынан бастап COVID-ке арналған төсек орындары аймақта тек облыстық инфекциялық ауруханада ғана қалдырылды.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, еріктілерден бастап, қаншама қайырымды кәсіп иелері қолдан келген үлесін қосты. Әйтсе де, біздің медициналық әлеуетіміздің деңгейіне қандай баға берер едік? Сынаққа түскен шақтың сабағы туралы айта отырсаңыз…
– КВИ (коронаровирус инфекциясы) ең көп таралуы маусым айының аяғы мен шілде айының 2-онкүндігіне келді. Күніне 200-ге жуық жағдай тіркеліп, тез арада бірнеше рет инфекциямен күресу үшін ауруханаларда төсек орнын ұйымдастыру жұмыстары күнделікті шараға айналды. Сол мезетте аймақта жалпы төсек орны 700-ден басталса, кейін 2400-ге көбейді. Аса ауыр тигені науқастарды оттегімен қамтамасыз ету еді. Оттегін өндіретін станциялар тек жеке кәсіпкерлер қолында болатын. Жерлестерімізге рахмет, күні-түні жұмыс жасап, бар күшін салды. Ал, ауруханалардағы жағдайды сырттан қарағанда бейнебір соғыс көрінісі деп айтуға болады. Әр науқас жанында тұрған оттегі баллондарын көргенде, оны талдырмаш жас медбикелер тасып жүргенде адам сезімінде үрей пайда болады, ал баллонның жарылғыштығы ойға түскенде ұйқы қашқан сәттерді қалай айтпасқа?! Дәрі-дәрмек мәселесі де оңай тиген жоқ.
Осының барлығын ой сарабынан өткізсеңіз, әрбір медицина қызметкерінің өлшеусіз еңбегі бар. Жалпы коронавирустық инфекциямен күресуге бірінші күннен бастап үлес қосып келе жатқанымды да атап өткім келеді. Қызылордаға келмес бұрын Алматыда жұмыс жасадым. Індет басталған сәттен отбасынан тыс ауруханада жатып, жұмыс істедік. Одан елге келіп үзіліссіз осы қызметке тағы кірістік.
Шын мәнінде, бұл індет тек біздің елдің ғана медицина саласын тығырыққа тіреген жоқ. Әлем абдырап қалды. Ауру өршіген тұста тіпті тосын құбылыстар пайда болды. Оған қарсы тұрудың өмірлік тәжірибелері қолданыла бастады.
Төсек орындарын көбейту үшін қаладағы фтизиопульмонология клиникасында, терівенерологиялық ауруханада, темір жол ауруханасында, Қорқыт ата атындағы университеттің жатаханасында төсек орындар ұйымдастырылды, аудан орталықтарында да осы жұмыс қатар жүргізіліп, жалғастырылды.
Дәрі-дәрмек қорын көбейту үшін «СК Фармация» компаниясымен шарттар кеңейтілді, жеке дәріханаларға 80 миллион теңгеге дәрі-дәрмек алынды. Тұрақты дәрі-дәрмек қорын ұйымдастыруда облыс басшылығы дер кезінде шешім қабылдап, жергілікті бюджеттен 488 миллион теңге қаражат қарастырылды. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалды.
Гуманитарлық көмек есебінен және республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жеке қорғаныш құралдарының да қоры пайда болды.
Оттегімен қамтамасыз етуді күшейту үшін сатып алу және демеушілік көмектер есебінен оттегі концентраторлары алынды. Облыстағы көпбейінді аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханаларында оттегі станциялары салынып, іске қосылды. Стационарларда төсек орындарының оттегімен қамтамасыз етілгендерінің саны бірнеше рет өсті. Жыл басында өкпені желдеткіш аппараттардың саны 76 болса, қазір 251-ге жетті. Міне, осының бәрі – тынымсыз, табанды еңбекпен жасалған дүние.
– Өткен жылдың өте күрделі кезеңін біз де ақпараттық толқын жүргізе отырып жақсы білеміз. Денсаулық сақтау саласы тығырыққа тірелгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың амандығы үшін батыл шешім қабылдады. Жұқпалы індетпен бетпе-бет жүрген медицина қызметкерлерінің табысы еселеніп, өмірлік қауіпсіздігі қорғалды. Қысқасы, жүйеде үлкен сілкініс жасалды. Ендігі көрсеткіш қандай?
– Дұрыс айтасыз. 2020 жыл – қат-қабат тірліктің нағыз астасқан шағы. Мен сол өткен жылдың екінші жарты жылдығының өзінде атқарылған жұмысқа қысқаша шолу жасап өтейін. Бірінші рет қаладағы №3 емханада және Сырдария орталық ауруханасында эксперттік класты УДЗ аппараты пайдалануға берілді.
6 жаңа цифрлы рентген аппараты мен 4 жаңа флюорография аппараты орнатылды. Қиын қаражаттық жағдайда қалып қойған балалар туберкулезін емдеу санаториясының жұмысы зерделеніп, фтизиопульмонология орталығына қосылды, ондағы 96 қызметкердің жұмыс орны анықталып, соңғы 6 ай бойы берілмеген жалақысы толық өндірілді.
Сырдария ауданында орналасқан туберкулезді емдеу диспансері қаладағы фтизиопульмонология орталығымен біріктірілді, ғимараты сол аудандағы орталық аурухана балансына берілді.
Аталған Сырдария аудандық ауруханасының жылыту пешінің жарамсыз екені анықталып, жылу маусымы басталғанға дейін мәселе шешілді, сонымен қатар қаладағы №3 емхананың жылыту пеші де жаңартылды.
Мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы есебінен Жалағаш және Арал аудандарындағы ауылдық аймақтарда 2 дәрігерлік амбулатория іске қосылып, халыққа өз қызметін жасауда.
Тамыз айының басында жағдай тұрақталып, инфекция жұқтырған науқастарды тек инфекциялық стационарға жинақтау басталды. Кезекпен кезек аудан орталықтарындағы инфекциялық төсек орындары жабылды. Республикада алғашқылардың бірі болып ауруханалар мен емханаларда жоспарлы жұмыс жандандырылып, халыққа қызмет жасай бастады. Ол өз кезегінде қаражат мәселелерін шешуге ықпал етті.
Ал, аптасына 5 күн таң атқаннан кешке дейін әкімшілік пен басқарма ғимаратында іс барысын үйлестіру, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, сала кураторы болған Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлымен бірге сенбі, жексенбі күндері аудандардағы медицина мекемелерін аралау, дайындық жұмыстарын жүргізу, семинарлар өткізу әдетті жұмысқа айналды.
Шілде айынан бастап ақпарат құралдарымен жұмыс бұрын-соңды болмаған сипат алды. Республикалық телеарналардан 50-ден астам сюжет, жергілікті телеарна арқылы 200 сюжет, 100-ден аса ролик эфирге шықты. Әртүрлі газеттерде 1000-нан астам мақала жарияланды, әлеуметтік желілерден 25000 астам жазба берілді. Басқарма басшысы ретінде баспасөз брифингін күнделікті өткізу, оны үнемі сайттарға бөлісу, бәрі-бәрі – халықтың ақпараттық қолжетімділігіне жасалған жұмыс. Негізсіз пікір, жалған ақпарат желдей есіп, талайға зардабын тигізген тұста осылай жанкештілікпен жұмыс жасауға тура келді. Әділін айтып, талдамалы дүниелер жасап, істің ақ-қарасын жеткізуге атсалысқан БАҚ өкілдеріне ризалық білдіремін.
COVID-19-ға қарсы 3000-ға жуық қызметкер жұмысқа тартылып, оларға Үкімет есебінен үш категориямен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат төленсе, вирус жұқтырған 526 медицина қызметкерінің әрқайсысына 2 миллион теңгеден, яғни, 1 миллиард 52 миллион теңге қаражат, қайтыс болған 12 әріптесіміздің отбасына 10 миллион теңгеден қаражат бөлінді.
2020 жылдың бір жетістігі – қаладағы денсаулық аллеясы мен дәрігерлер алаңының ашылуы. Дәрігерлерге осындай құрмет көрсетіп, еңбегімізді бағалаған сол кездегі қала әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының қолдауына алғыс айтқым келеді.
– Індет биыл да зардабын аз тигізіп тұрған жоқ. Сәуір айының өзінде 1540 адам ауру жұқтырды. Ақпан айынан бастап вакцина салына бастады. Дегенмен, ел ішінде әлі де болса вакцина тұрғысында тұрақты пікір қалыптаспай отыр. Дәрігер-ғалымдардың ел алдында вакцина туралы нақты дәлелдерін, ашық пікірлерін тыңдағысы келетіндер бар…
– Індеттің арамызда тіркелуі биылға да тиесілі болып отыр. Ахуал жыл басында біршама тұрақтылып еді, сәуір айында қайта өршіп, өңіріміз «қызыл аймаққа» енді. Ақпан және наурыз айларында сәйкесінше 240 пен 195 жағдай тіркелсе, аталған айда 1540 жағдай тіркелді. Сол себепті жыл басындағы 215 инфекциялық төсек орны 930-ға (450-і қалада, 480-і аудан орталықтарында) көбейтілді, аудандардағы төсек орындар халық санына сәйкес жандандырылды.
Ақпан айынан бастап коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары басталды. Алғашқыда Ресейде өндірілген «СПУТНИК-V» вакцинасы пайдаланылса, қазіргі таңда өзімізде өндірілген «КАЗВАК» және араб әмірліктерінен шығарылған «ХАЯТ ВАК» вакциналары пайдаланылуда. Вакцинация екі этаптан тұрады. 1-ші этапты 18-ден асқан 90 мың жерлесіміз қабылдаса, 2-ші этапты, яғни толық вакцинацияланған халық саны 30 мыңнан асып отыр.
Қайбір инфекциялық процестер болмасын немесе осы уақытқа дейінгі әлемде кездескен пандемиялардың барлығы тек қана вакцина көмегімен құрықталғанын халыққа жеткізгім келеді. Өздеріңізге белгілі, вакцинация жұмысы алғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінен басталғаны бәрімізге мәлім. Облыста бүгінгі күні олардың 80%-і вакцина қабылдаудың арқасында аурушаңдық күрт төмендеді. Жыл басында 75-тей медицина қызметкері вирус жұқтырған болса, қазір жоққа тән деп айтуға болады. Осы көрсеткіштің өзі біраз мағлұмат беріп тұрғандай. Теріс пікір әрдайым болған, болады, оған аса құлақ асудың қажеті жоқ деп санаймын.
– Сіз маман ретінде айтыңызшы, пандемияның ендігі жағдайына қандай болжам жасауға болады? Үлгі болар елді атай аласыз ба?
– Пандемияны жеңудің бірден-бір жолы ол – вакцинация. Израиль мемлекетін мысалға келтіруге болады, олар 60-70% тұрғындарын вакцинациялау арқылы елінде пандемияны тұрақтандырды.
– Коронавируспен күресеміз деп жүріп өзге ауруларға қарсы ем-домды әлсіретіп алған жоқпыз ба?
– Өте орынды сұрақ. Иә, пандемия әсерінен біраз жоспарлы жұмыстарымызға шектеу қойылғаны рас. Республикалық деңгейде көмек алып жүрген науқастарымыз аймақта қалуға мәжбүр болды. Бір жағынан бұл біз үшін үлкен сынақ, қарым-қатынас уақытша үзілген кезде сол науқастарға өзіміз көмек көрсеткеніміз рас, нәтижелері де жақсы деп айтар едім. Жалпы біздің жыл сайын орындалуы талап етілетін индикаторларымыз бар, сол көрсеткіштерге қол жеткізгеніміз әріптестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасы деп білемін. Аталған вирустың таралуына байланысты ана өлімінің біраз көбеюі өкінішті, бірақ бұл көрсеткіш басқа аймақтарда да жоғары болғанын жасырмауымыз керек.
Өкінішке қарай, өлім-жітім көрсеткіші 2020 жылы орын алған пандемия әсерінен күрт өсіп кетті. 2019 жылдың қорытындысымен 1000 тұрғынға шаққанда 5,61-ді құраса, былтырғы жылдың қорытындысымен 19,4% өсіп, 6,7-ні құрады.
Ана өлімі бойынша былтыр 12 жағдай орын алды. Бұған талдау жүргізу нәтижесінде 83,3% жағдайында өлім себептері жүктілікке байланысты емес екендігін, яғни, жүкті әйелдердің экстрагениталды ауруларының асқынуы нәтижесінде болғандығын көрсетті.
Сәби өлімі бойынша былтырғы жылдың қорытындысымен 226 жағдай орын алып отыр, 100 мың тірі туғанға шаққандағы көрсеткіш 10,6 (2019 жыл – 9,7). 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 2020 жылы 2,9%-ке төмендеп, 13,6 промильді құрады.
Ал, 15-17 жас аралығында өткен жылы 5 суицид жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 8,2-ні құрады. Жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім былтыр 34,8%-ке төмендеп, 88 жағдай тіркелді.
Әрине, ең бірінші адамның өмірі қымбат. Сол баға жетпес құндылықты сақтау жолында медицинаға артылар міндет нығая беретіні сөзсіз. Сондықтан, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу жолында жұмыла түсеміз дегім келеді.
– Өткен жылы Мемлекет басшысы медицина саласында маман және оның жалақысына қатысты өткір тапсырма берді. Нәтиже қалай?
– Белгілі бір маңызды буындарға маман тапшылығы бары қазір қай салада да кездеседі. Өйткені өмір ағысы, сұранысы өзгермелі. Ал маманға жағдай жасау, ол енді үлкен мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы елдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге бет бұрғызып отыр.
Індет басталған өткен жылдың наурыз айынан вируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне 3 категория бойынша қосымша жәрдемақы тағайындалды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау деп айтар едім. Жұмыс жасау орнына байланысты 1-категория бойынша 850 мың, 2-категорияға 425 мың, 3-категорияға 212 мың теңге қаражат төленуі бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 3 миллиард теңгеден астам еңбекақыдан тыс қосымша қаражат қызметкерлерге комиссия шешімімен үлестірілді. Індеттің ең өршіген кезінде шілде айында қосымша қаражаттың құны 947 миллион теңгені құрады. 2021 жылы бұл жұмыс жалғасын тауып, 4 айдың үлесіне 785,2 миллион теңгені құрап отыр. Сонымен қатар еңбекақы биыл дәрігерлер үшін 30%, орта буын қызметкерлеріне 20%-ке жоғарылады. Демек, еңбекақысы өскен маман ынталанады, ал, ынта жұмысқа да, отбасына да жылылық әкеледі.
– Білуімізше, шәкірттеріңіз қазірдің өзінде күрделі операциялар жасауға машықтанған көрінеді…
– 2015-2018 жылдары облыстық медициналық орталықта директор қызметін атқарып жүріп Алматы қаласынан жинаған тәжірибемді сол мекемедегі жас мамандармен бөліскенім рас. Соның ішінде ақсап тұрған қан тамырлары хирургиясын біршама жолға қоюға үлес қосқаным бар. Сол саладағы жасалып жатқан хирургиялық көмектің түрлері мен саны бүгінгі күні басқа аймақтардан қалыс емес екенін айту артық болмас. 23 жыл жинаған тәжірибемді лауазымды қызметтер атқарып жүрсем де, практикалық жұмыспен ұштастыруды жалғастырып келемін. Қолым қалт еткенде Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласына барып ота жасатуды жоспарлаған пациенттерді осында алып қалып, операция жасап көмектесіп жүргенімді жасырмаймын. Аймақтағы қан тамырлары хирургиясының дамуына қосқан үлесім, мақтаныш етер шәкірттерім бар екенін де айтқан жөн шығар.
– Сынға қалай қарайсыз?
– Бұл енді адамдық пен парасат-пайымның өлшемі. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейміз ғой, бірақ, сынды байыбына барып айту керек деп есептеймін. Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде әлдебір сыни пікірлер толастамай тұр. Ең алдымен айтарым, елге келгенде кресло, атақ іздеп емес, туған жерге тағзым деген оймен, денсаулық саласының дамуына өз үлесімді қосып, адал қызмет етсем деген азаматтық ұстаныммен шешім қабылдадық. Бірінші осыны айтқым келеді.
Өкінішке орай, халықты қатерлі індеттен сақтаймын деп, өздері сол қауіптің ортасында жүрген ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетудің орнына төпелеп, сынға алатын азаматтар кездесуде. Айтқым келетіні, дәрігер әр уақытта көмек беруге тырысады. Өзінің кемшілігін көреді, оны жөндеуге талпынады. Дәрігерге сын айтылса, оның өз қателігін жөндеуге мүмкіншілік пайда болды деген сөз.
Ал, әлеуметтік желіге жалған атпен шығып, өнбейтін, маңызы жоқ мәселені елге жария ету, ол – надандық, жеке басына жала жабу – әдепсіздік, білмей тұра сынға алу – кешірілмейтін күнә. Ал, сол жазбаларды пайда табу көзіне айналдыру – нағыз масқара.
Дәрігерлердің де отбасы мен бауырлары, бала-шағасы бар, аласапыранның ортасында жүріп халықтың қауіпсіздігін ойлаған бейбіт күннің батырлары. Ендеше, өз өмірін қауіпке тігіп, індетпен күрескен азаматтарға жігер беріп, жарқын күндерге жеткіземіз деп жүрген істеріне кедергі жасамай қолдау көрсетейік, ағайын.
«Құстың қанаты қатты болғанымен, мойыны бос, адамның мінезі қатты болғанымен, көңілі бос». Құс мыңдаған шақырым ұшса да, қанаты емес мойыны талады екен. Адам пенде емес пе, болмашы нәрседен көңілі қалуы мүмкін. Қазір байқап қарасақ сенім, мейірім, сыйластық деген тым құнсызданып барады. Тіршіліктің тінін жалғайтын осындай алтын арқаудың бағасын білмесек, жалғандық пен жасандылық қай кезде де ешкімге опа бермеген. Бұл, енді ұзақ әңгіме болар, бірақ бір-біріміздің бағамызды біліп жүрейік дегім келеді.
Мен күнделікті әрбір жаңалыққа ден қойғанда, әсіресе, газеттердің сөзіне көп жүгінемін. Себебі, «Тасқа басылса тарих» деген бар. Шынайы ақпаратқа жүгіну – осы. Сөз басында айтқанымдай, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі алдында осындай сұхбат сәті түскеніне ризалық білдіремін. Облыстың аға басылымы «Сыр бойы» арқылы барша әріптестерімді құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, бақ-береке тілеймін.
– Уақыт бөліп, пікірлескеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
«Сыр бойы»
https://syrboyi.kz/suhbat/vakcina-indetting-emi-senim-engbekting-tiregi-67187/
Аурухана жанындағы қоғамдық қордың игі істері
Қазалы теміржол аурухансы бойынша жанынан құралған ҚТАнын жастар комитетінің ұйымдастыруымен Қазалы теміржол ауруханасының қайырымдылық қоры ашылды.
Қор мақсаты - әлуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық түлік ретінде немесе қаржылай көмек беру..
2020 жылдың тамыз айында қолға алынғаннан бастап ұжым жастарынын атынан
7 отбасына азық түлік таратса, 6 отбасына 20 мың теңге, 2 отбасына 25 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілді.
Ауданымызда 3 баланың еміне 162 мың теңге қаржылай көмек жасалды.
Тілсіз жаудын кесірінен зардап шеккен отбасыларға 100 мың теңгелік қаржылай көмек,
1 отбасына 30 мың көлемінде қыстық отын табысталды. Ұжым жастары халыққа қызмет етумен қатар әрдайым қолдан келгенше көмектерін көрсетуге дайын екендерін көрсетіп келеді.
Ұжым жастарына Қазалы Теміржол ауруханасы атынан алғысымыз шексіз!!!
Аурухана тарихына 117 жыл!!!
Аурухананың толық атауы:
«Қазалы теміржол ауруханасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі"
«Қазалы теміржол ауруханасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарихы
ХХ ғасырдың басында, яғни 1904 жылы Қазалы уезінде халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ашылып, онда ең әуелі фельдшер және акушер жұмыс істеген.1905 жылы Орынбор теміржол бөлімінің құрылуына байланысты Қазалы уезінде теміржол ауруханасы ашылды. Осы жылы амбулатория 5 (бес) орындық болып қайта құрылды. Басында үйіндегі ауруларды фельдшер маманы ат арбамен аралап, медициналық қызмет көрсетті.1917 жылы теміржол ауруханасы 40 төсектік орынға көбейтіліп, бұл сол кездің өзінде теміржол жұмысшыларының денсаулығына көп көңіл бөлінгенін көрсетеді. Ал Ұлы отан соғысы кезінде теміржол ауруханасы госпитальге айналған, яғни әртүрлі жарақатпен түскен солдаттарды қабылдап ем жасаған, осылайша аурухана Ұлы Отан cоғысындағы жеңіске өз үлесін қосқан. Теміржол ауруханасындағы төсек саны 1970 жылы 220-ға дейін көбейтілді.Ғасырдан астам тарихы бар теміржол ауруханасы заманына сай атауын өзгертіп отырған. 2000 жылдың 17 қантарынан бастап «Көліктік медицина қызметі» ААҚ Қазалы филиалы теміржол ауруханасы, 2005 жылдың 25 мамырынан бастап қайтадан тіркеуден өтуіне байланысты «Көліктік медицина қызметі» АҚ Қазалы филиалы теміржол ауруханасы болды. 2010 жылдың 12 қантарынан бастап «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамының филиалы «Қазалы теміржол ауруханасы» болып қайта ұйымдастырылды. Ал, 2017 жылдың 20 қыркүйегінен бастап «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» ЖШС филиалы «Қазалы теміржол ауруханасы» болып қайта құрылған болатын. 2018 жылдың 12 сәуірінен бастап «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС болып өзгертілді. 2020 жылдың 26 қарашадан №1/31 сатып алу- сату шарты негізінде жарлық капиталы 100% (жүз пайыз) құрайтын «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС мемлекеттік қатысу үлесін (бұдан әрі – Қатысу үлесі) жеке тұлға К.Ршымбетов сатып алды.
Теміржол ауруханасы Қазалы ауданының тіркелген халқына, Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарында тұратын теміржолшыларға, олардың отбасыларына, теміржолшы зейнеткерлерге көпсалалы мамандандырылған,алғашқы медико-санитарлық, консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсетеді. Аурухананың жаңа үлгiдегi ғимараты 1994 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, аурухана аумағына енетін жер телiмiнiң ауданы 5137,3 ш.м. құрайды,сонымен қатар 3 қосалқы корпус (дәрiхана, ас бөлiмі, кiр жуатын үй және басқалары) барлық санитарлық талаптарға және нормаларға сәйкес жабдықталған.
Жалпы аурухана кешені үш қабатты ғимаратта орналасқан. Жоспарлы түрде аурухана 140 кереуетке есептелген. Аурухана құрылымында консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету үшін бір ауысымда 350 адамды қабылдауға арналған теміржол емханасы жұмыс істеп тұр. Консультациялық-диагностикалық бөлімде 3 терапиялық, 4 педиатриялық, 7 жалпы тәжірибелік және 2 өндірістік дәрігер қызмет етеді. Емханаға қарасты жеті медициналық бекетте 7 фельдшер жұмыс істейді.
Мұнда ересектер мен балаларға көрсетілетін амбулаториялық-емханалық медициналық көмек, шұғыл алғашқы медициналық көмек, ересектер мен балаларға көрсетілетін стационарды алмастыратын медициналық көмек, мамандықтар бойынша консультациялық-диагностикалық және стационарлық медициналық көмек, анестезиология и реаниматология, нефрология, жалпы терапия, жалпы хирургия, акушерлік және гинекология, невропатология, оториноларингология, эндокринология, педиатрия, жалпы дәрігерлік тәжірибе, кардиология, гастроэнтерология, дерматовенерология, стоматология (терапевтік, ортопедиялық, хирургиялық), офтальмология, травматология және ортопедия, аллергология, пульмонология, онкология, рентгенология, гирудотерапия, нейрохирургия, медициналық реабилитология, дәстүрлі медицина, урология, трансфузиология, психиатрия, наркология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж, эксперттік медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, ауруханада балалар мен ересек арасында нысаналы мақсаттағы топта «В», «С» гепатитке, әйелдер арасында жатыр обырына, колоноскоптық әдісімен ересектер арасында тік ішек, тоқ ішек обырларына тексеру, ерлер арасында қуық безі обырына, асқазан, өңеш обырына, бауыр обырына, қан айналым жүйесі ауруларына, су қараңғылыққа, қант диабетіне тексеру жүргізіледі.
Қазалы теміржол ауруханасының басты мақсаты – мұнда тіркелімдегі тұрғындарға, теміржолшыларға және олардың жанұясына сапалы емдеу профилактикалық медициналық көмек көрсету. Сондықтан емделуге жатқызу үрдісі реттеліп, емделушілердің қолжетімді медициналық көмек алу құқығы қамтамасыз етілген. Жоспарлы емдеу кезінде ауруханаға жатқызбай, бас тарту жағдайлары жоқ. Ауруханаға науқастар көрсетілімдері бойынша жоспарлы түрде, ауруханаға жатқызу Портал бюросы арқылы қабылданады, қалған науқастар күндізгі ауруханада емделеді.
Аурухана құрамында бейінді бөлімшелер қызмет атқарады: хирургия бөлімінде 15 төсек, оның ішінде 5 төсек паллиативтік көмек, гинекология бөлімінде 11 төсек, терапия бөлімінде 20 төсек, неврология бөлімінде 10 төсек, балалар бөлімінде 12 төсек, оның ішінде 2 төсек қалпына келтіру, нейроинсульт бөлімінде 10 төсек, ерте оңалту бөлімі – 10 төсек, кеш оңалту бөлімі – 10 төсек, реанимация бөлімінде 9 төсек, ақылы қызмет бөлімінің керует саны 12 төсек, күндізгі стационарда 40 төсек, оның ішінде емханалық 15 төсек қойылған. Сонымен қатар, параклиникалық бөлімдер – клиника-диагностикалық, бактериологилық, биохимиялық, иммун-ферменттік зертхана, функционалдық диагностика жүргізу (рентгенологиялық, рентгеноскопиялық зерттеулер, маммография, рентген, компьютерлік томография, «С-дуга» рентгенодиагностикалық аппарат, доплерография, барокамера, УДТ-диагностика, эхо-энцефаллоскопиялық, фиброгастроскопиялық, эхоэнцефаллографиялық, доплерографиялық зерттеулер), физиотерапиялық бөлім (емдік денешынықтыру, соққылы толқын терапиясы, үгу столы, мойын массажын жасау аппараты, парафин, емдік массаж, емдік тұзды және дәрілік ванналар (10 түрлі), кедр саунасы, су асты массажы, джакузи, мануалдық емдеу, Су-Джок емдеу, барокамера) жұмыс істейді. Компьютерлік томография аппаратымен Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсетеді, оның ішінде ауруханаға бекітілген стационарлық науқастар, мүгедектер, зейнеткерлер, жасөспірімдер, «Батыр ана» орденімен, «Алтын алқа» , «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған әйелдер және медициналық ұйымдардың жолдамасы бойынша пациенттер тегін өткізіледі.
Аурухана теміржол көлігі қызметкерлерін профилактикалық медициналық тексерулерден өткізіп, санитарлық-профилактикалық және санитарлық-ағартушылық жұмыспен, зертханалық-диагностикалық медициналық көмек берумен айналысады.
Аурухананың даму тарихында көптеген бас дәрігерлер алмасты: А.Заколодкин, Глушко, Е.Степанова, Б.Есмагамбетова, Ж.Қазмағамбетов, В.А.Лим, Қ.Сансызбаев.Көп жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан дәрігерлер – А.Сейсенов, Г.Канатова, А.Жұбатов, А.Тлекешова, Қ.Б.Сәрсенбаев, Қ.О.Каликов Қ.К.Еспаев. Ауруханада еңбек ететін тәжірибесі мол мамандар – Ж.Б.Елеуов, М.Төребай, Е.Т.Дәрібаев, С.А.Ахмет, Ш.Байбазарова, С.Т.Тулегенов, Ш.Медетбаева,Б.Айжарыкова, А.Кулбаева, Ж.Досбергенова, С.Артыкбаевтардың есімі теміржолшылардың арасында ғана емес, бүкіл халыққа белгілі. Мекеменің есеп бөлімін жүргізетін бас есепші –К.К. Жақсылықова.
Ауруханада жалпы саны 422 маман, оның ішінде 67 дәрігер (5 жоғары санатты, 26 бірінші санатты, 19 екінші санатты), 200 (2 жоғары санатты, 90 бірінші санатты, 48 екінші санатты) орта медициналық қызметкер, 77 кіші медициналық қызметкер, 77 өзге қызметкер еңбек етеді.
Ұйым басшысы – Құбыл Ршымбетов. Ол бүгінге дейін жұмыс кезінде өзін жақсы ұйымдастырушы, өз ісінің білікті маманы екенін көрсете білді. Медициналық манипуляцияларды: қантамырына катетер қою, жұлынға, өкпеге пункция жасау, ауыр науқастарға реанимациялық көмек көрсету жетік меңгерген және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Жаңа типтік аурухана құрылысының толық аяқталуына, және ауруханаға қажетті медицина саласындағы озық үлгідегі аппаратуралармен: УЗИ, плазмаферез, лазер аппараттары, гастрофиброскоп, «Барокамера», «Маммография», ультрадыбысты доплерограф, Электрокардиограф «ЭК-3Т-01-«Р-Д»» «Россия», анықтаушы процессор, ВС-3000 Автомат гематологиялық анализатор, ВА-88 Жартылай автоматты биохимиялық анализатор, эндовидеолапаротомия, КТ және «С-дуга» рентген және 2020-2021 жылдары қосымша: Залалсыздандыру бөліміне - Стерилизатор ВКа-75ПЗ, Ауа стерилизаторы ГП-80-Ох-Пз «Ресей». Гинекология бөліміне – Видеокальпоскоп СЗ, жоғары жиілікті электрохирургиялық аппарат ЭХВЧ-80 «Фотек». Дәріханаға - Медициналық электрлік аквадистиллятор. Емхана бөліміне – «Жеңіс» рентген флюорографиялық сандық аппараты, NeuViz 16 қайта қолданылатын КT сканерлеу жүйесі, CR AG рентген және маммографиялық бейнелерін диагностикалауға және мұрағаттауға арналған цифрлық аппарат, TPS-IIM стоматологиялық термиялық инжекциялық қондырғы, Рентгендік жалпақ панельді сандық Детектор, Ауа Компрессор Ajax 220k 50 л, термопринтері бар отоакустикалық эмиссияны тіркеудің портативті құрылғысы, Ajax AJ11 стоматологиялық қондырғысы. Қабылдау бөліміне - Он екі арналы Электрокардиограф, Электрлік Аквадистиллятор Liston A1210. Реанимация бөліміне- Функционалды кереует 4 дана. Физиотерапиялық бөліміне - Дененің жоғарғы және төменгі бөліктеріне арналған Тренажер HJ-086А 2 дана, Велотренажер hj-088А 2 дана. Хирургия бөлімінің ота жасау бөліміне - Анестезиологиялық жұмыс станциясы Fabius Tiro ASBL-0063 диагностикалық аппараттары көмек көрсету үшін ішкі резервті пайдалана отырып, су мен емдейтін бөлім және медициналық аппаратурамен жабдықталуына тікелей ықпал етті. Жәнеде аурухананың барлық бөлімдерінің үй жайларына ішкі- сыртқы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Директор Қ.Ршымбетов ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл»,2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, 2004 жылы «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2012 жылы «За добросовестный труд и личный вклад в дело обеспечения медицинской помощи» төсбелгісімен, 2013 жылы «Шапағат» медалімен, 2015 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, 2015 жылы Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің «Сыр медицинасының үздігі» медалімен, 2016 жылы ҚР қоғамдық наградалар және атақтар жөніндегі комитетінің шешімі бойынша «Қазақстанның Құрметті азаматы» орденімен марапатталды, 2019 жылы Қазалы аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымынан «Көп жылғы қоғамға сіңірген еңбегі үшін», «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен марапатталды.
Директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары А.А. Дәрібай ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» мерекелік медалімен, акушер-гинеколог Еспаев Қазбек Көшерұлы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.Хирург Ж.Б. Елеу,С. Ахмет, рентгенолог Е.Т. Дәрібай, терапевт М.Б. Төребай, терапия бөлімінің меңгерушісі Б. Айжарыкова, педиатр Ш.Байбазарова, провизор К.Ж.Қарабала, расчеттік есепші Ф. Сырымбаева, материалдық есепші А.Тұрманова, кадр бөлімінің инспекторы М.Кужанберлина, бас мейірбике У. Жумабаева, ота жасау бөлімінің мейірбикесі Ә.Салмұрза ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы №299 бұйрығы негізінде «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медаліне ие болған. 2009 жылы анестезист Е. К. Андреади, 2010 жылы отоларинголог К.У. Каликов, бас мейірбике С.Орманова, 2011 жылы директордың емхана жөніндегі орынбасары С.А.Адаев, офтальмолог Б.Жадырасын, аймақтық терапевт С.Т.Төлегенов, терапия бөлімінің мейірбикесі С.Досанова, 2015 жылы гинекология бөлімінің мейірбикесі У. Далекенова ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен 2011 жылы аймақтық педиатр А.А.Кульбаева, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары А.А.Дәрібай, 2012 жылы филиал директоры Қ.Ршымбетов,акушер-гинеколог К.К Еспаев, бас есепші К.К. Жаксылыкова мадақталған. А.А. Дәрібай «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», С.А.Адаев, Ж.Б.Елеу, С.Артыкбаев, Ш.Байбазарова «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін иеленген. 2020-2021жж - "Қазақстан Конституциясына 25 жыл" мерекелік медалімен бас дәрігер С.Ж.Артыкбаев, "Халық алғысы" мерекелік медалімен Жалпы тәжірибелі дәрігер П.Ү.Рзалиев, ЖҚР Ұлттық бизнес рейтингтер одағынан- "Сала мақтанышы" орденімен реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Ж.С. Қуанышбаев, «Кәсіби салымы үшін"медалімен кадрлық персоналдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы М.Кужанберлина, «Үздік маман» сертификатымен – нейроинсульт бөлімшесінің меңгерушісі Т.А.Жиенкулов, «Ерекше еңбегі үшін Алғыс" атаулы дипломымен терапия бөлімшесінің меңгерушісі Б.Ш.Айжарыкова, «Жыл маманы» атаулы сертификатымен дәрігер офтальмолог Б.Б.Жадырасын, дәрігер отоларинголог Қ.Тақтаболатұлы, «Жыл экономисі» атаулы сертификатымен У.М.Кунбергенов, «Жыл бухгалтері» атаулы сертификатымени А.К.Турманова, «Знак почета» медалімен эпидемиолог С.Ердалиев, дәрігер уролог Е.Е.Жасанов, тауарлар мен қызметтерді Коммерциялық сатып алу бөлімінің маманы Е.Р.Ршымбетов. "Қазақ батыры" және "Ұрыс қимылдарының ардагері" төс белгілерімен көлік жүргізушісі Ж.С.Култанов марапаттарды иеленген.
2016 жылдың 15 ақпаннан бастап Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының 11.02.2016 жылғы № 178 бұйрығына сәйкес, аурухананың төсек қоры шеңберінде 24 төсектік нейроинсульттік орталық ашылды. Қабылдау бөлімі нейроинсульттік науқастарды дер кезінде қабылдап, жедел медициналық көмек көрсету үшін тиісті құрал-жабдықтар мен құрылғылармен, дәрі-дәрмектермен, тасымалдауға арналған арбалармен және лифтімен жарақталған. Үлкен және кіші операциялық залдар тәулік бойы нейрохирургиялық операциялар жасау үшін дайындалып, арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Реанимациялық-анестезиологиялық бөлімше 9 төсекке кеңейтіліп, осы заманғы қондырғылармен жабдықталған нейрохирургиялық операциялардан кейінгі қосымша реанимациялық 4 төсектік палата ашылды.
Қазіргі кезде аурухананың травматологиялық қызметі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге дайын және 2016-2017 жылдары көрсетілген медициналық қызметті ақылы негізде жасауға толық мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсартылған, барлық бөлімдеріне пластикалық терезелер орнатылып,жергілікті бу қазандығынан ыстық су келуі қамтамасыз етілді, аурухана газбен жылытылады, ішкі су жүйесі пластикалық құбырларға ауыстырылды. Сондай-ақ, стационар ғимаратының сыртқы қабырғасы плиталармен көмкерілді, барлық бөлімшелерде ағымды жөндеу жүргізіліп, ем-шара бөлмелерінің едендеріне кафель плиталар төселді, реанимобиль автокөлігі үшін гараж және көкөніс қоймасы салынды.
Бүгінде аурухана дәріханасы барлық қажетті құралдармен жабдықталған, 39 түрлі дәрі-дәрмек пен керекті сұйықтықтарды әзірлеуге қол жеткізді, сонымен қатар тамшылар, жақпа майлар, ішуге арналған сұйық дәрілерді де әзірлейді. Емханада жанұя медицинасы қағидасы енгізілуде, қызметкерлер жалпы практика дәрігері мамандығы бойынша үздіксіз білім алуда. Атап айтқанда, барлық педиатрлар мен терапевттер 2015 жылы жалпы практика бойынша мамандандырудан өтті. Жалпы дәрігерлік практика халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсетудің негізгі бөлігі болып табылады. Бұған ұйым қызметінің тиімділігі мен сапасы, еңбек әлеуетінің сақталуы мен артуы, сонымен қатар жанұя деңгейіндегі медициналық-әлеуметтік мәселелердің шешілуі тікелей байланысты болады.
Емханада жалпы тәжірибелік дәрігер, иммунологиялық кабинет, дені сау бала бөлмесі, балаларға жеке кіруге арналған фильтр, инфекциялық, ПОР, ресурстық орталық кабинеттері жабдықталған. Денсаулық мектептері ҚР Денсаулық сақтау министрінің №876 бұйрығына сәйкес диспансерлік есепте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін дәріхана ашылуына байланысты дайындық жұмыстары жүргізіліп,іске қосылды. РПН, жүкті және туу жасындағы әйелдер, онкологиялық науқастар, емдеуге жатқызу бюро Порталы, «Д» науқастарды электрондық тіркеу, ИСЛО, ЭРОБ, «АИС»-емхана, СУР, КМИС,АПП регистрлері енгізілген.
Халықты скринингтік тексеруден өткізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс 2017 жылы 100% орындалды, науқастар қажеттілігіне сәйкес диспансерлік есепке алынды, жыл бойы аурулары айқындалған науқастарды сауықтыру жұмысы атқарылды. тұрғындар арасында 35 жастан бастап кездесетін қауіп факторларын (темекі шегу, артық салмақ, гиподинамия) есепке ала отырып, салауатты өмір салтын насихаттау шаралары өткізілді.
Амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі диспансерлік есепте тұратын науқастарға бөлінетін дәрілік заттар мен аурулар түрлері тізбесінің шеңберінде шешіледі. Амбулаторлық деңгейде тегін дәрілік заттармен қамтылған аудан тұрғындарының саны 8267 адам, жазылған рецепт саны 12675. Дәрілік препараттарға бөлінген қаражаттың игерілуі 100% құрайды.
Өнегелі шаңырақ
Жаныңа шипа дарытып, тіпті ажал құрсауынан арашалап алатын дәрігерлер қашанда қоғамда айрықша бағаланады. Елеулі еңбегі мен жылулыққа толы мейірімді қалыппен халықтың ақ батасын алып жүрген қызметкерлер кез келген мақтауға лайық.
Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздаған жанға демеу, антына адал дәрігерлер ауданымызда жетіп артады. Солардың қатарына Ерболат Жасанов пен Салтанат Қабылованың отбасын қосуға болады. Ерлі-зайыптылар Қазалы теміржол ауруханасында қызмет атқарады. Ерболат дәрігер уролог болса, Салтанат осы аурухананың провизоры. Отбасында Нұрай, Ердәулет, Рамазан және Медина есімді ұл-қыздарын тәрбиелеуде. Қос дәрігер тұрғындар мен ұжымдастары арасында абырой мен беделге ие. Екеуі де ең алдымен адамгершілігі әрі біліктілігімен танылып, өзгелерден озық тұрады.
Ерболат мұғалімдер отбасында тәрбиеленсе де әке жолын қумады. Ол өз арманын медицина саласымен ұштастырды. Бала кездегі қиялын 1998 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында жүзеге асырады. Таңдаған білім ордасында әрбір сабаққа ықыласпен қатысып, оқу орнындағы емдеу ісі факультетін хирургия саласы бойынша бітіреді. Қызылорда облыстық медициналық орталығында хирургия мамандығы бойынша бір жыл интернатурада жүріп, алғашқы тәжірибеден өткен соң жолдамамен Қазалыдағы теміржол ауруханасында дәрігер уролог қызметіне келеді.
Қазір білікті маман гемодиализ бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқаруда. Яғни созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен сырқаттанатындарға қажетті ем-дом жүргізеді.
Білікті дәрігердің айтуынша, урология – ерлердің бүйрек, қуық, простатит ауруларын және несеп жолдарындағы тастарды хирургиялық және дәрі-дәрмекпен емдеу саласына жатады.
– Бүгінгі күні еркектер денсаулығының басты мәселесіне айналған простатит суықтан және инфекция жұқтырып алудан да болады. Мұндай дертке бір орында ұзақ отыратын жүргізуші, есепші және басқа да кәсіппен шұғылданатын кісілер шалдығады.
Простатитке 20-60 жас аралығындағылар жиі ұшырайды. Десек те уақыт өткізіп алмай урологқа уақытылы қаралған дұрыс. Тағайындалған емді қабылдағандар одан айыға алады. Жалпы 18-40 жастан асқан ер-азаматтар жылына бір рет урологқа қаралып тұрғаны жөн. Себебі соңғы жылдары ерлер арасында бедеулік белең алуда. Егер ер азамат шаңырақ көтеріп, 6 айда әйелі жүкті болмаса дереу урологтың көмегіне жүгіну керек. Қазір ерлердің көбі намыстанып, дәрігерге көрінбей ем алу мерзімін өткізіп алады. Есесіне олар ұрпақ сүю қабілетінен айырылып қалуы мүмкін, – дейді Ерболат.
Ерболат қосымша дәрігер трансфузиолог қызметін жүргізеді. Оның өз міндетіне деген жауапкершілікті жақсы сезінетінін Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовтың пікірінен айқын аңғардық.
– Ерболат Жасанов ауруханада жатқан урологиялық науқастарға өз бетінше ота жасайды. Соның арқасында ересектер мен балалар арасында диспансерлік науқастардың есебі азайып, санитарлық ағарту жұмыстары жақсарған. «Андро-Гин» аппаратымен простатиттің барлық түрін: созылмалы везикулит, эрекцияның бұзылысы, ер бедеулігін емдейді.
Бүгінде Ерекең Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің науқастарына аптасына төрт сағаттық жоспарлы гемодиализ сеансын жасап, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүр. Әріптестері мен халық арасында беделі жоғары, сауатты маман саналады, – дейді бас дәрігер.
Салтанат Егізбайқызы да М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында фармацевт мамандығы бойынша білім алды. Қазір ауруханадағы емделушілерге дайындалған дәрілердің сапасын тексеріп, бөлімшелерге қажетті мөлшерін босатады. Жұмысын тиянақты орындайтын маман он жылдан аса медицина саласында сүбелі үлес қосып келеді.
Қай кезде де бірінші байлық – денсаулық екені заңдылық. Солай бола тұра бұл қағиданың орындалуы үшін білікті мамандардың да рөлі ерекше екенін ескерген жөн. Сондықтан түн ұйқысын төрт бөліп, науқастардың айығуына себепші ақ халаттылардың халық денсаулығын жақсарту жолында қайраттары қажымасын дейміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
https://qazaly.kz/kogam/19830-negel-shayra.html
«Сары аймақ»: Ережені ескермеудің салдары
Екпе ал!
24-ші мамырдан бастап өңір коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалын бағалау матрицасы бойынша «жасыл аймақтан» «сарыға» ауысты.
Sb Айдана ЖҰМАДИНОВА, «Сыр бойы»
Кейінгі күндердегі көрсеткіш жағдайдың күрделене бастағанын аңғартты. Сала мамандары былтыр да күн ыстық мезгілде, әсіресе маусым, шілде айларында аурушаңдық деңгейі артқанын, биыл да сол қалыптағы динамика барын айтты. Сондықтан ережені ескермеудің салдары бір жыл бұрынғы ахуалдың қайталануына әкелуі мүмкін.
– Былтыр коронавирус инфекциясы бойынша шілде айында ең жоғары көрсеткіш – 1775 жағдай тіркелген еді. Биыл есепті кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш сәуір айында, яғни 1540 жағдай тіркеліп отыр. Ал мамыр айының 24-не дейін 906 коронавирус жұқтыру дерегі анықталды.
Әлі де аурудың басылатыны байқалмайды. Бізді алаңдатып отырғаны індеттің мектеп оқушылары, мұғалімдер арасында да тіркелуі. Алда оқу жылын қорытындылау шаралары бар. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер көп шоғырланатын ісшараларды тоқтату қажет, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Тұрғындар арасында вирус жұқтырып, бірақ отбасындағы адам санын толық көрсетпейтін, өзі байланыста болған адамдарды жасырушылар да кездеседі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов бұл жайбарақат жүретін кез емес, жақындарға жанашырлық танытатын уақыт екенін айтты.
– Коронавирус инфекциясымен науқастанғаны белгілі болып, бірақ ол туралы емханасына немесе дәрігерге хабарламай, үйден өздігінен ем қабылдағандар қатарынан COVID-19 көп анықталып жатқанын айтқым келеді. Сол себепті барша тұрғындардан ауру белгісі байқалған сәттен дәрігерге қаралып, дер кезінде ем бастауды сұраймын! – деді ол.
Айта кету керек, бүгінде екпенің оң нәтижесі байқалып келеді. Екпе егумен қамтылғандар арасында аурушаңдық бірнеше есеге азайған. Мұны медицина қызметкерлері арасында былтыр тіркелген аурушаңдық көрсеткішімен салыстырып байқауға болады. «Сары аймаққа» өткендіктен карантин талабы күрделене ме?» деген сұрақтың болуы орынды. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулысына сәйкес «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысқан жағдайда карантин шараларын күшейту бес күннен ерте жүргізілмейді.
16 мамыр- ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне арналған #Одан артықтын#БольшеЧем#MoreThan тақырыбында ақпараттық науқан жарияланды
Мамыр айының үшінші жексенбісінде Дүниежүзілік ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні атап өтіледі. Оны Қазақстанда COVID-19 пандемиясы кезінде өткізу – бұл АИТВ және коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына қарсы іс-қимыл жасауға дайын екендігін көрсетудің, эпидемиямен күресте күш-жігерді біріктірудің, адамдардың АИТВ-инфекциясы туралы хабардар болу деңгейін арттырудың, АИТВ-мен өмір сүретіндерге қолдау білдірудің тағы бір мүмкіндігі.
СПИД ауруынан қайтыс болғандарды еске алу күні 1983 жылы алғаш рет Сан-Францискода өткізілген. Қазіргі таңда бұл күнді атап өту жер шарында дәстүрге айналып отыр. Бұл күнді атап өтудің негізгі мақсаты - ВИЧ ауруына шалдыққан адамдардың қасында өмір сүріп жүрген адамдарға бұл жағдайдың әрқайсысының басынан өтуі мүмкін екендігіне ойлануға, сонымен қатар осы аурудың қармағында кеткен адамдарды еске алуға, ВИЧ/СПИД ауруымен өмір сүріп жатқан достарымыз бен жақын адамдарымызға қолдау көрсетуге, азаматтық қоғамдағы және үкімет басындағылардың назарын ВИЧ/СПИД эпидемиясына баса назар аударуына, індеттің алдын алу, сақтану шараларын, жұғу жолдарын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Ақпараттық науқанды өткізудің маңыздылығы – жастар мен жасөспірімдердің бойында АИТВ жұқтырған адамға деген аяушылық көзқарасты емес қолдау мен түсіне білу сезімін ояту және АИТВ жұқтыруға кедергі келтіретін мінез-құлық стереотипін қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар, тек сақтанғанда ғана өздерін осы инфекциядан сақтай алатынын тағы бір естеріне салу.
Қазіргі таңда жер бетінде 60 млн. адам ВИЧ инфекциясын жұқтырып тіркеліп отыр.
Бұл күнде ВИЧ/СПИД проблемасына байланысты теле және радиобағдарламалар, қайырымдылық концерттер мен акциялар, суретшілер көрмесі т.б көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл күні адамдар кеуделеріне қызыл лента тағып шығады. Қызыл лента ВИЧ пен өмір сүретін адамдарды қолдау, сыйластық пен дұрыс көзқарасты қалыптастыру, ВИЧ/СПИД ауруынан қайтыс болғандарды есте сақтау, ұлт пен ұлысты, жас пен жынысты таңдамайтын індеттің жақын арада емі табылады және ауруды жеңеміз деген үміт символы болып табылады.
12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықаралық медбикелер күнінде Facebook желісінде арнайы жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бірде-бір аурухана мен бірде-бір дәрігер медбикесіз жұмыс істей алмайды. Бұл өте маңызды адамдар, олар үлкен жұмыс атқарады және әр науқастың өмірі үшін одан да үлкен жауапкершілік атқарады», деп жазды министр.
Алексей Цой бүгінде медбикелердің рөлі артқанын, бұрын олар орта медициналық персонал болып саналса, қазір олар дәрігерлердің тең серіктесі болып, тәуелсіз шешім қабылдауға мүмкіндік алғанын айтты.
Қазақстанда 185 мыңнан астам орта буын мамандары жұмыс істейді, олардың 2 мыңында жоғары мейіргерлік білімі бар. Ауылдық жерлерде 55 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
«Медбикелер мектебі бір орында тұрмайды, кадрлық резервті толықтыра отырып, барлық уақытта жетілдірілуде», деп жазды министр.
Бұл мерекеде үздік мамандарды марапаттау дәстүрге айналған. Пандемияға қарамастан, биыл да марапаттау рәсімі тыс қалмады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің атынан еңбектегі және денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері үшін бүгін 174 маман марапатталды. Оның ішінде 24-і «Еңбек ардагері» медалімен, 43-і «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 15-і «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, 52 маманға құрмет грамоталары, тағы 40 медбике министрдің қолы қойылған алғыс хаттармен марапатталды.
«Әрбір медицина қызметкері үшін ең үздік марапат – емделушілердің алғысы деп санаймын. Сондықтан әрбір қазақстандықтың атынан осы күні мейіргер әріптестеріңізге олардың ықыластығы мен қайсарлығы үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Сізге зор денсаулық, амандық және өркендеу тілеймін!», деді Алексей Цой.
https://egemen.kz/article/274357-12-mamyr-%E2%80%93-khalyqaralyq-medbikeler-kuni
© egemen.kz
Қазақстанда вакцина салдырғандарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылады
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина салдырғандар үшін кейбір шектеулер алынып тасталатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бас санитарлық дәрігедің қаулысымен көптеген жеңілдіктер қарастырылуда.
"Вакцина салдырғандар қатарының өсуіне байланысты, Қазақстанның бас санитары шығарған қаулыға сәйкес, вакцинаның екі компонентін де алған азаматтар үшін бірқатар шектеу алынып тасталады. Коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алғандар Қазақстан азаматтары және Қазақстан аумағында тұруға ықтиярхаты барлар әуе қатынасы арқылы ПТР тестінсіз Қазақстан аумағына кіре алады, медициналық-әлеуметтік нысандарға бара алады, облыстық командаларды дайындау үшін оқыту-жаттықтыру жұмыстарын жаңғырта алады", - деді Алексей Цой.
Сонымен қатар, министр вакцина салдырғандардың қай санатынан ПТР тест нәтижесі талап етілмейтінін айтты.
"Вахтаға келген қызметкерлерден, медициналық-әлеуметтік мекемеде рәсімдеу және емделуге жатқызу кезінде науқастардан, мерзімді әскери қызметке шақырылғандардан және мерзімді әскери қызметтен кейін демобилизацияланғандардан, ҚАЖ мекемелеріне түскендерден, топтасқан ұжымдарға баратын адамдардан, ауруға байланысты жұмыс орнында болмаған немесе демалыс, іссапардан келген медицина қызметкерлерінен, тәжірибе алдында медициналық ЖОО мен медицина колледжі студенттерінен ПТР тестілеу нәтижелері талап етілмейді", - деп мәлімдеді министр.
«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі»: Гүлшара Әбдіқалықова үндеу жариялады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова эпидахуалға қатысты қызылордалықтарға үндеу жариялады.
«Бүгін облысымыз «қызыл аймаққа» енді. Бұл қуанатын жағдай емес.
Пандемия басталғаннан бергі уақытта өңірде 4890 жағдай тіркелген. Әлемді дүрліктірген індеттің беті қайтар түрі жоқ. Соңғы уақытта вирус жұқтырғандардың саны тым көбейіп барады.
«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейді дана халқымыз. Сақтық шараларына мән беруді ұмытсақ, көзге көрінбейтін тажалдың кез келген сәтте қатер төндірері анық. Оны тек сақтану арқылы ғана жеңе аламыз.
Осы ретте, жергілікті мекемелердің, халыққа қызмет көрсету орындарының басшылары вирус тез тарайтын адамдар тығыз жиналатын орындарда, ғимараттарда халықтың сапырылысын реттегені жөн.
Денсаулық алдымен өзімізге керек. Сондықтан, әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиянын тигізбеуі тиіс. Той-томалақ, ас беру, басқа да көпшілік жиындарды жақсы күндерге қалдыра тұрайық. Денсаулығымыз бәрінен қымбат екенін ұмытпағанымыз жөн. Қарапайым қағидатты ескерейік: маска, антисептик және арақашықтықты сақтау.
Қымбатты жерлестерім, қауіпті індеттің ұзаққа созылмасы үшін осы қағидаттарды ескеріп, өз денсаулықтарыңызға асқан жауапкершілікпен қарап, карантин талабына бағынуға шақырамын.
Ел болып қатерлі індетті бірге жеңіп, жарқын күндерге бірге жетейік!
Жақынымызға жанашыр болайық!
Саулық сақтықта екенін естен шығармайық!», – деді аймақ басшысы.
https://syr-media.kz/news/19605-amysty-bos-stasa-olydy-kesed-glshara-bdalyova-ndeu-zhariyalady.html
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні
⠀
Атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде (1948 жылдан бері) аталып өтеді.
⠀
Денсаулыққа қатысты қызықты деректер:
- Түшкіргенде ағзаның барлық қызметі, тіпті жүрек те тоқтап қалады;
- Оптимизм денсаулыққа оң әсер етеді;
- Солақайлармен салыстырғанда, оңқайлар 9 жыл ұзақ өмір сүреді;
- Жасы ұлғайған сайын адамның миы кішірейе береді;
- Сіз қызарған кезде асқазаныңыз да қызарады;
- Шие ракты емдейді. Ол рак жасушаларын өзін-өзі жоюға итермелейді;
- Адам 50 мыңға жуық иісті ажырата алады;
- Күн сайын оятқышпен ояну - денсаулыққа зиян. Одан адам ағзасының табиғи ырғағы бұзылып, күйзеліске әкеп соғады;
- Душқа жиі түсуге болмайды. Пайдалы бактериялар жуылып кетуі мүмкін, яғни ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетеді.
⠀
Денсаулықтарыңыз мықты болсын!
Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы