Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Ауырған жанды емдеу, өмірін сақтау – сіздердің қастерлі еңбектеріңіз. Бүгінде көпшілігіңіз пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрсіздер. Қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Аман болыңыздар! Мемлекет сіздерге жан-жақты көмек береді», деп жазды Президент twitter парақшасында.
Еске салсақ, Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні атап өтіледі.
Саулық күзетіндегі қырағы қызмет
Әлемде қанша мамандық болса, бәрінің маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше екені даусыз.
Себебі денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Дәл қазіргі кезде дґрігер қауымының жұмысы бұрынғыдан да қауырт әрі жауапты. Өйткені олар әлемді жайлаған қауіпті індетпен күресте бірнеше ай бойы отбасыларынан тысқары, өз денсаулықтарын қатерге тігіп алдыңғы шепте келеді. Ауруға шалдыққандарға шипа іздеген ақ халаттылар еңбегі қоғам үшін маңызды, әрі абыройлы екені осы сәтте тағы бір мґрте айқындалды.
Індет елге енген сәттен бастап Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді шараларды қабылдады. Соның арқасында вирус жұқтырғандар саны өзге елдермен салыстырғанда әжептәуір аз болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы індетпен күресуші мамандарға қаржылай қолдау көрсетуді де тапсырды.
Осының негізінде Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығының негізінде облыс әкімдігінің қаулысымен аймақтағы індетпен күресуші медицина мамандарына қауіптілік санатына қарай үстемеақы берілді. Кәсіби мереке қарсаңында бірқатар мамандарымыз министрліктің, облыс басшысының марапаттарына ие болды. Бұл біздің дәрігерлерімізді жігерлендіргені сөзсіз. Індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Керісінше, белең алып отыр. Осы орайда аймақ ақ халаттылары халық саулығын қорғау күзетіндегі міндеттерін мүлтіксіз атқара бермек.
Сыр медицинасы заман талабына сай жарақтанып, дамып келеді. Мәселен, бүгінде саланы медициналық-техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандыру 75,78%-ті құрайды. Аталған көрсеткіш 2016 жылы 63,76%, 2017 жылы 66,41%, 2018 жылы 70,93%, былтыр 75,22 процентпен қорытындыланды. Биыл бұл үрдіс жалғасын тауып, 105 дана медициналық техника алу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буын маман қызмет көрсетеді. Аймақтың денсаулық сақтау саласында дәрігер мамандар жетіспейді. 2018 жылдың 1 қаңтарына тапшылық 205 дәрігерді, өткен жылы 137 дәрігерді құраса, осы жылы 162 дәрігерді құрап отыр. Бұл тенденция республика көлемінде байқалады.
Соңғы кезде мамандар тапшылығы елді мекендермен қатар облыс орталығында орналасқан көпсалалы мамандандырылған медицина ұйымдарында орын алып отыр. Мамандық бойынша жіктегенде, негізінен 47 аймақтық дәрігер, 26 анестезиолог-рениматолог, 8 неонатолог, 8 психиатр, 5 фтизиатр, 5 балалар хирургі жетіспейді. Десе де, облыс әкімінің қолдауымен өңірде маман тапшылығын азайту мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы орайда облысымыз әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша республикада алдыңғы қатарда екендігін атап өткен жөн.Қолданыстағы жергілікті мәслихат шешімімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау» қағидаларына өзгерістер енгізіліп, 2016 жылдан бастап медицина мамандықтары бойынша облыс әкімінің гранты тағайындалып, 62 резидент 8 жоғары медициналық білім беру орнында оқуларын жалғастыруда. Биыл олардың 15-сі бітіріп келеді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тікелей қолдауымен Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде 2018 жылы 30, 2019 жылы 40 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде саланың дәрігерлермен қамтамасыз етілуіне оң септігін тигізетін болады.
Ал былтыр аймақтың медициналық ұйымдарына 95 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 43-і (4,3 процент) ауылдық елді мекендерге жолданып, (2018 жылы 130, 68-і немесе 52,3 проценті елді мекендерге) жұмыс атқаруда. Жас мамандардың жұмысқа орналасуы өткен жылы алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігі мен «enbek.kz» электрондық порталы арқылы жүргізіліп, мамандар өз таңдауларын жасады. Бұл өз кезегінде жас мамандардың инфрақұрылымы дамыған республикалық маңызды қалаларда орналасқан Ұлттық орталықтарда не емханаларда қалуына мүмкіндік беріп, сәйкесінше өңірлерде қызмет етуге ниетті мамандардың үлес салмағының азаюына әкеп соқтырды. Ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарында жұмысқа қабылданған мамандарға Үкімет қаулысына сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беріліп келеді.Байқоңыр қаласында 2018 жылдың мамыр айында ашылған қазақстандық көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер тапшылығы орын алған. Облыс әкімінің тапсырмасымен салынған әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған 5 көпқабатты тұрғын үйден 12 пәтер дәрігерлерге бөлінді. Нәтижесінде 9 дәрігер сырттан келіп, тұрақтады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде жергілікті атқарушы органдардың құзырына жергілікті бюджет қаражаты есебінен елді мекендерге жолданған медицина және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қарастырылған. Осы орайда орын алған дәрігерлер тапшылығын ескере отырып, мәселе облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралып, өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша көтерме жәрдемақы бөлу үшін жергілікті бюджеттен биылға тиісті қаржы қарастырылды. Өңірге мамандарды тарту және тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде, саланың білікті кадрларымен қамтамасыз етілуіне ықпал етіп, сәйкесінше халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігі жақсаратын болады. Медицина саласына келіп жатқан жастар көп деп айта аламын. Ал оларды ауылдық жерлерге көптеп тарту бағытында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыс та, көрсетіліп жатқан көмек те аз емес.
Жалпы денсаулық сақтау саласы асқан жауапкершілікті талап ететін сала десек, дәрігер – сол жауапты арқалаған адам өмірінің арашашысы. Осы ретте, бүгінгідей әлемді жайлаған індетпен күресуде мамандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Барша әріптестерімді келе жатқан «Медицина қызметкерлері күні» мерекесімен құттықтаймын! Халық денсаулығын ойлап, күні-түні қызмет етіп жүрген әріптестерімнің еңбегіне ризашылығымды білдіремін. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым нәтижелі, мерейлеріңіз үстем болсын!
Жақсылық ӘБДУСАМЕТОВ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы
https://syrboyi.kz/densaylik/sawlyq-kuezetindegi-qyraghy-qyzmet-41553/
Облыс әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлері күні қарсаңында сала ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі» деген болатын.Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі.Бүгінгі күні облыс бойынша 23 стационарлық, 21 амбулаториялық емханада 2 423 дәрігер, 9 528 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетіп келеді.Жылдан жылға осы саласының материалдық-техникалық базасы нығайып, әлемдік озық технологиялар мен телемедицина күнделікті қолданысымызға еніп отыр, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, сала қызметінің сапасын жақсарту мақсатында «2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысандарының өңірлік перспективалық даму жоспары» бекітіліп, жалпы құны 73,5 млрд. теңгеге заман талабына сай 118 нысан салу жоспарланғанын атап өтті.
– Денсаулық сақтау саласының тарихында, аймақ медицинасының дамуына зор үлес қосқан ардагерлер алдын қолды дәрігерлер Ернияз Омарұлы, Тұрғанбай Маханұлы, Рая Әбдешқызы, т.б. секілді аға буын өкілдерінің еңбегі бүгінде талайға үлгі.
Сыр дәрігерлері «COVID-19» індетімен күрес кезінде уақытпен санаспай, белгілі хирург Абдулла Сыздықұлы, халықтың құрметіне бөленген Шынжырбай Оразмаханұлы мен Жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Қарабұзауқызы, т.б. ел амандығын сақтау жолында асқан жауапкершілік пен батырлықтың үздік үлгісін көрсетуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сіздерге деген халықтың ыстық ықыласы мен риясыз алғысының дәлелі ретінде ерекше қолдау білдіруде.
Бірнеше ай бойы отбасыларыңыздан жырақта, өз денсаулықтарыңызды қатерге тігіп, қауіпті вируспен күресіп жүрген Сіздерге барша Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін!
Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін.
Жақындарымызға жанашыр болайық! Біз біргеміз! – деді облыс әкімі.
https://syrboyi.kz/densaylik/oblys-aekimi-medicina-qyzmetkerlerin-quttyqtady-41511/
Көз – адамның айнасы
Қазалы теміржол емханасының офтальмолог-дәрігері Берік Жадырасынның медицина саласында еңбек етіп жүргеніне тура жиырма жыл. Алғашында Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясынан хирург мамандығын меңгеріп, еңбек жолын бастады. Бертін келе Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтынан арнайы курста офтальмолог-дәрігер мамандығын алды. Жуырда көз ауруларымен күресіп жүрген маманмен сұхбаттасып, көкейде жүрген сауалдарды қоюдың орайы келді.
– Берік Балдақұлы, көз аурулары қалай пайда болады, түрлеріне тоқталсаңыз...
– Көз аурулары – көздің көруінің нашарлауынан, оның сәуле сындыру күшінің ақауларынан алыстан көргіштік, алыстан көрмеушілік пайда болады және іштен туа біткен аурулар да бар. Кейінгі жылдары туа біткен аурулар мен көз жарақаттары жиі кездеседі. Аурудың пайда болуына мехникалық әртүрлі жарақаттар алу, физикалық шаң-тозаң, физикалық-химиялық ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер, жарық әсер етеді.
Катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу жиі кездеседі. Көзге ақ түсу, кератит – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл көбінесе, жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан пайда болады. Ішкі органдар мен жүйелердің бұзылуы да көз ауруларына әкеледі. Емделмеген көз сырқаты көруін нашарлатып, соқырлыққа да әкелуі мүмкін.
– Аудан тұрғындары көз ауруының қай түрімен жиі шағымданады?
– Қазіргі уақытта тұрғындар жиі жолығатын ауру түрі – көз конъюнктивасының қабынуы, әсіресе жаз айларында аллергиялық түрімен жиі келіп қаралады. Мектеп жасындағы балалардың арасында алыстан көрмеу (миопия) айтарлықтай көбейген. Сондай-ақ орта жастан асқандар арасында көз ішілік қысымының жоғарылауы (глаукома) жиі анықталады. Арнайы медициналық скрининг жүргізу арқылы жыл сайын глаукома ауруының алдын алу мақсатында медициналық тексеру өтеді. Оның кінаратты ерте анықтап, жазылуына және су қараңғылықты болдырмауға көп көмегі бар. Аурухана директоры Құбыл Ршымбетовтың ықпалымен 2019 жылы бірнеше жаңа заманауи офтальмологиялық аппараттар алынды. Сондықтан аудан халқын уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұруға кеңес беремін.
– Көздің бірқалыпты көруін сақтау үшін не істеуіміз керек?
– Тиісті гигиеналық талаптарды қатаң сақтау қажет. Көз де басқа ағзалар сияқты ұзақ қызмет еткеннен талады, бұлдырап, шаншып ауырады да, көбінесе бас ауруына ұласады. Көздің шаршауының басты себептердің бірі жұмыс орнында жарықтың жеткіліксіздігі, яғни біркелкі жарықтың болмауы немесе мөлшерден артықтығы болып табылады. Электр шамының қызған қылы тым шақырайып көзге зиянын тигізбесін десеңіз, қалпақты, күңгірт не ақ түсті шамдарды пайдаланыңыз. Жұмыс барысында шам адамның сол жағында тұруға тиіс. Қағаз жазғанда, кітап оқығанда тым еңбектеп жатып шұқшиюға, қағазды өте жақын ұстауға болмайды. Көзден қағазға дейінгі аралықтың 35-40 сантиметр болуы шарт. Телехабарларды көргенде экраннан 2,5 метр алысырақ отырған дұрыс. Транспортта кітап, журнал, газет оқымаған мақұл. Өйткені оны ұстап отыру ыңғайсыз әрі оқуға жарық жеткіліксіз.
– Көзілдірікті үнемі киіп жүру көз ауруларын белгілі бір дәрежеде тоқтата ала ма?
– Көз – адамның айнасы. Жанарыңыздың көруі нашарлағанда дәрігер кеңес берсе, дереу көзілдірік киген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, дұрыс таңдап алу оның бірқалыпты көруіне жәрдемдеседі. Үнемі көзілдірікті тұтынатын адамдар уақтылы пайдаланбаса басы ауырады, көзі суырып, мазасы кетеді, жұмыс қабілеті де төмендейді. Көзілдірікке қойылатын талаптар: оның құлақ қыстырмасы самай мен құлақты қыспасын; тіреу табақшасы мұрынның екі жағына дәл келсін; көзілдірікті тек қана жұмсақ шүберекпен сүрту керектігі ешқашан естен шықпасын; кигенде екі көз де әйнектің дәл ортасынан қарайтындай болсын; ал әйнек көзден бірдей қашықтықта орналассын. Көзді күн көзінен сақтау үшін әйнегі күңгіртін киеді. Аса күшті жарықта жұмыс істейтіндер арнайы қорғаныш көзілдірік тағады. Мұны арнайы оптикалардан жасатып алу қажет.
– Көз ауруы жасарып кеткені рас. Мектеп жасына жетпей-ақ көзілдірік киетін балалармен жиі ұшырасамыз. Осы ретте ата-аналарға қандай кеңес айтасыз...
– Баланың ұялы телефонды пайдалануын шектеу, кешкі уақытта мүлдем ұстатпау керек. Компьютерде отыру уақытын қадағалау қажет, себебі компьютерге ұзақ үңілу баланың көру қабілетіне кері әсер етуі әбден мүмкін. Көру деңгейі нашарлауының негізгі белгілерін атап өтейін. Олар қол таңбасындағы әріптердің едәуір іріленіп әрі нашар жазыла бастауы. Дәптерге қатты иілуі және теледидар көрген уақытта алыстан емес, экранға жақын келіп, көзін сығырайта қарауы. Егер осы жайтты балалаңыздан байқасаңыз, дәрігерге қаралуға кеңес беремін.
– Компьютерлік көру синдромы деген термин бар. Бұл туралы толыққанды айтып өтсеңіз...
– Компьютерлік көру синдромы (ККС) деген ол компьютермен ұзақ уақыт жұмыс жасайтын адамдарда кезігетін көрудің арнайы ауытқуы (астенопия). Ал астенопия (көздің шаршауы) дегеніміз көру қызметіне ұзақ уақыт ауыртпалық түсуіне байланысты болатын функциональды өзгеріс. Бұл кезде көз ашу, түйнеу, қызару, көрудің бұлынғырлануы сияқты жағымсыз сезімдер пайда болады. Астенопияны туындататын негізгі бес себепті ғалымдар анықтаған. Мәселен, мониторда бейнелер түзу сызық емес, микроскопиялық нүктелер түрінде беріледі екен. Бұл көзге өте өткір әсер береді. Екіншіден, экраннан шашыраған жарық көзге тура түскенде ол кері әсерін тигізіп, мидың және көздің шаршауына әкеліп соқтырады. Үшіншіден, монитордың түсінің қоюлығы өте төмен болуынан көз тез шаршайды. Төртіншіден, монитордан түскен жарық өте жиі жыпылықтап тұрады және бұл жанып-сөніп тұрған жарыққа ұзақ уақыт қарап тұрғанмен бірдей әсер береді. Соңғысы, көру өткірлігіне монитордағы жарқыл да пайдалы емес.
Бұл көздің ара қашықтығына және де монитордың түсіне байланысты болса, монитор мен қағазды немесе клавиатураны кезек кезек ауыстырып қарау да көзге біршама күш түсіреді. Ал астенопияны туындататын факторлерге келетін болсақ: компьютермен үздіксіз ұзақ жұмыс жасау, мобильді компьютерде кітап оқу, автокөлікті ұзақ жүргізу (әсіресе ымырт және түнгі уақытта), көзге ауыртпалық түсіретін іспен үнемі айналысу, ұзақ уақыт оқу, теледидарды үздіксіз қарау, дұрыс таңдалмаған көзілдірік және бөлменің жарықтануының дұрыс болмауы т.б.
Компьютерлік көру синдромы 12-40 жастағылардың арасында көптеп кездеседі. Астенопияның негізгі симптомдарына көздің ашуы, көздің түйілуі (құм түскен сияқты сезіну), көз айналасы, маңдай тұсының ауруы, көзді қозғағанда ауру, көздің қызаруы, қос көріну,көру өткірлігінің нашарлауы, алыстан жақынға немесе жақыннан алысқа ауыстырған бейімделуінің төмендеуі, оқығанда көздің тез шаршауы, бас ауру, көздің сезімталдығы (жарыққа, суыққа, ыстыққа т.б) жоғарылау, Мак Калахтың көру эффектісі пайда болу (экраннан көзді қара немесе ақ затқа ауыстырғанда экранда тұрған түске боялып көріну) жатады.
– Көпшілігіміздің уақытымыз компьютер алдында өтеді. Осы орайда қандай сақтық шараларын қолданған жөн, қандай жаттығулар жасаған дұрыс?
– Компьютермен жұмыс істеген кезде арнайы «компьютерлік» көзәйнекті пайдаланыңыз, алдында отыру уақытын күніне 4 сағаттан асырмаңыз. Сондай-ақ арақашықтығы жақын жерден жұмыс істеген кезде әрбір 20-30 минут сайын міндетті түрде үзіліс жасап отырыңыз. Офтальмолог дәрігерге қаралып, кеңес алып тұрудан еш қашпаңыз. Өзіңізге ыңғайлы күйде жұмыс жасаңыз. Қараңғы бөлмеде, жарық монитормен жарықтың тепе-теңсіздігінің болмауын бақылаңыз. Балаларыңызды күніне 30 минуттан артық компьютерге жақындамауға үйретіңіз.
– Көзілдірік пен линзаның айырмашылығы неде, линзаның зияны бар ма?
– Көбінесе көзілдірікті тек жақсы көру үшін ғана емес, көзді емдеу, көруді түзету әдісі ретінде тағуға кеңес беріледі. Алдымен көру қабілетінің жыл сайын үздіксіз төмендеуін тоқтатып, жақыннан көргіштікті тұрақтандырып барып көзілдіріктен құтылудың жолдарын қарастыра беруге болады. Егер жақыннан көргіштік тоқтаса және үш жыл бойы үдеп, асқынбаса, лазермен емдеу арқылы көру жағдайын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
Линзаның да тиімді тұстары жеткілікті. Ол ыңғайлы және жанарды талдырмайды, көзілдірікке қарағанда айналаны анығырақ көрсетеді. Линзамен көзқарас аумағы шектелмейді. Басты қозғалтпай, тек жанарды бұрғанда көз бұлшықеттері жұмыс істеп, жаттығады. Линзаларда (заманауи, сапалы түрлерінде) ультракүлгін сәулелерден қорғайтын фильтрлер бар. Линзалар оттегін өткізіп, көздің демалуына жағдай жасайды. Адам қозғалысына кедергі келтірмейді мәселен, спортпен шұғылданып, би билеуге қолайлы. Бұның көмегімен кез келген үлгідегі күннен қорғайтын көзілдірік тағуға болады, шаң жинамайды және бетіне сызық түспейді.
Контактілі линзалардың көзге тікелей зияны жоқ. Дегенмен, дұрыс режим мен гигиенаны сақтамаса, көздің мүлдем көрмей қалуына соқтыруы мүмкін. Өкінішке орай көп адам линзаны мерзімінен артық пайдаланып, тіпті ұйықтар алдында шешуді де ескермейді. Линза қанша сапалы болғанымен, оттегіні жанарға 100 процент өткізбейді. Сондықтан ұйқы алдында шешіп, көзді тынықтыру қажет.
Тиімсіз тұстарына да тоқталып өтейін, линза тағуға болмайтын көз аурулары кездеседі. Линза тазалығын сақтау арнайы уақытты қажет етеді. Ұқыпты қолдануды талап етеді оны сақтайтын контейнер, сұйықтық, көздің құрғауын болдырмайтын тамшыларды қоса алып жүру керек. Себебі шамадан тыс көз құрғағанда линза көзден түсіп кетуі мүмкін.
– Уақыт бөліп, пайдалы кеңестеріңізбен бөліскеніңізге рахмет!
Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
https://qazaly.kz/zanalyk/suhbat/14751-kz-adamny-aynasy.html
«АНГИОГРАФ»: АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ, ДЕРТТІГЕ ДӘРМЕН БЕРЕДІ
Былтыр күзде Қазалы ауданындағы ауруханада алғаш рет жүрек-қан тамырларына ота жасалды. Осыған дейін ірі қалалардағы жабдығы сайлы медициналық орталықтарда ғана жасалатын отаны қорықпай қолға алған қазалылық кардиологтардың бұл еңбегі ерлікке тең еді. Жабдық демекші, қымбат, ең бастысы адам саулығын сақтауда аса қажетті «Ангиограф» аппараты республика аудандарының арасында алғаш рет осы Қазалыға қойылып отыр.
Әрине жабдық қаншалықты жетілдірілсе де онымен адам жұмыс істейді. Демек, дертке дәрмен табылуы сол қымбат құрылғының «тілін табатын» дәрігердің біліктілігіне байланысты. Қазалы ауруханасының кардиологиялық орталығындағы дәрігер-нейрохирург Кенесары Баспаев пен оның әріптесі Аян Қазиұлы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ғылыми орталығының қайта даярлау курстарынан өтіп, білімдерін жетілдірген, облыстық медицина орталығында тәжірибелерін толықтырған.
– Қазір осы аурухана базасында жүрекке ота жасап жатырмыз. Негізі коронарографияның басты мақсаты – ауруды ерте анықтау. Осы орталық ашылған былтырғы күзден бері 100-ден астам ота жасадық. Науқастар отадан кейін осындағы 15 төсектік кардиологиялық бөлімде жатып ем алады, – дейді дәрігер-нейрохирург Кенесары Баспаев.
Аудандық аурухана осы орталықты ашуға 3 жылдай дайындалыпты. Ең әуелі мұндағы дәрігерлердің мемлекет тарапынан тегін берілетін әсері күшті «Активизие» препаратын тиімді пайдаланғаны ескерілген. Сол тұста облысты басқарған Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен аудандарда медициналық кластерлер құру мәселесі көтерілген кезде Қазалы кардиологиялық орталық болуға лайық деп танылған. Осының нәтижесінде қазір облыс орталығынан шалғай жатқан аудандағы науқастар ем іздеп алысқа сабылмайды. Кардиоорталық Қазалымен қатар Арал, Қармақшы аудандары, Байқоңыр қаласы тұрғындары үшін қызмет көрсетеді. Жалпы, шалғай аудандарда медициналық кластер құру идеясы игілікті іс. Мысалы, Қазалыға көршілес Арал ауданында акушерлік орталық ашылыпты. Жақын аудандардағы науқастардың бәрі сонда барып қаралады.
– Жаңағы айтқан «Активизие» препаратының қан тамырларының бітелген тұстарын ыдыратып, ауруды болдырмауға тигізер септігі көп. Бірақ, кері әсері де жоқ емес. Қазір «Ангиограф» арқылы науқасты толық зерттеп алуға мүмкіндік туып отыр. Кейде оған препарат салудың қажеті болмай, емнің басқа түрі жасалады. Дәрі егілгенде де осы аппарат арқылы оның ауруға әсерін көріп отырамыз, – дейді бас дәрігердің орынбасары Бақытгүл Әлішева.
Дәрігерлердің айтуынша, инфаркт алған науқасқа 3-6 сағат аралығында жасалған ем жақсы дариды. «Ангиограф» аппараты арқылы айығып кетіп жатқандар осының дәлелі. Ең бастысы, құрылғы қазалылық кардиологтардың өздеріне деген сенімін қалыптастырды. Былтыр отаның 4 түрін жасаған дәрігерлер алда басқа да күрделі операцияларды қолға алмақ.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,
Республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі.
https://qazaly.kz/kogam/13125-angiograf-aurudy-aldyn-alady-derttge-drmen-bered.html
Коронавирустік инфекция бойынша ауруханаішілік инфекцияның алдын алу шараларын күшейту туралы
1. Коронавирустік инфекцияға күдіктілерге медициналық көмек көрсету кезінде инфекцияны бақылау және алдын алу
Барлық пациенттер үшін қорғанудың стандарттық шараларын қолдану, о.і.:
1) қолдар мен тыныс органдарының гигиенасы:
- медициналық бетперде пайдалану;
- жөтелу немесе түшкіру кезінде мұрын мен ауызды бір реттік қағаз салфеткамен немесе бүгілген шынтақпен жабу;
- тыныстық секреттермен жанасқаннан кейін, әрбір әжетханадан соң, тамақ ішер алдында қолды сабынмен мұқият жуу.
2) ине немесе үшкір құралдармен шаншып алудан сақтану;
3) қалдықтарды қауіпсіз басқару;
4) Медициналық құрылғылар мен жаймаларды өңдеу және стерильдеу.
2. Реанимациялық бөлімшедегі сақтандыру шаралары
- Егер науқасқа реанимациялық шаралар қажет болған жағдайда, бөлімшенің шеткі палатасына жатқызылып, медициналық пост қойылады;
- Күтуші және медициналық емшаралар мен манипуляция жасаушы медициналық қызметкерлер нұсқаулықтан өтеді;
- ИВЛ аппаратына қосу кезінде нұсқаулыққа сәйкес контурлар, фильтрлер уақытылы ауыстыру қамтамасыз етіледі;
- Медициналық қызметкерлер үшін қолдар гигиенасы үшін жағдай жасалады (сұйық сабын мен антисептикті шынтақ дозаторы, бір реттік сүлгілер).
3. Медициналық қызметкерлер инфекциялық бақылау қағидаларын қатаң сақтауы тиіс
Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияның таралуы тәуекелін азайту мақсатында:
- Медициналық бетперде пайдалану;
- Көзді/бетті қорғау үшін (қорғаныш көзілдірік не қорғаныш бетперде пайдалану);
- Ұзын жеңді су өтпейтін, таза, стерильді емес халат пайдалану;
- Қолғаптар пайдалану;
- Медициналық мақсаттағы бұйымдарды (катетерлер, отсостар, пробиркалар, инелер, ине ұстағыштар, маскалар, ИВЛ контурлары мен фильтрлері) және медициналық құрылғыларды (стетоскоп, қан қысымын өлшеуге манжеттер, термометрлер) әрбір пациент үшін жеке пайдалану;
- Егер құрылғы бірнеше пациентке пайдаланылатын болса, әрбір пайдаланылғаннан кейін дезинфекция жасалуы тиіс (70 проц. этил спиртімен 5 минут аралықпен 2 мәрте сүртіледі);
- Ластанған қолдарды көзге, мұрынға не ауызға тигізуге болмайды;
- Егер медициналық көрсетілімдер болмаса, пациенті бөлмеден тыс шығаруға және тасымалдауға болмайды;
- УЗИ, рентген зерттеулерін жүргізуге дезинфекция жасауға ыңғайлы, қаптамасы бар портативтік құрылғылар пайдалану қажет;
- Науқасты тасымалдау қажет болған жағдайда персоналға, басқа пациенттерге жұқтырмау мақсатында алдын ала анықталған және келісілген транспорттық маршрутты пайдалану қажет;
- Пациентке медициналық бедперде кигізу керек;
- Пациентті тасымалдаушы медициналық қызметкерлер жеке сақтану құралдарын пайдаланып, қолдар және тыныс органдарының гигиенасын сақтау қажет;
- Пациентті стационарға «жедел жәрдеммен» тасымалдау барысында қабылдау бөлімшесін қажетті қауіпсіздік шараларын жасау үшін алдын ала хабардар ету керек;
- Пациент жанасқан жерлер үнемі тазаланып және дезинфекция жасалып отыруы тиіс;
- Коронаинфекцияға күдікті пациенттермен қарым-қатынаста болатын медициналық қызметкерлер, отбасы мүшелерін және келушілер санын шектеу;
- Пациенттің палатасына кіргендердің барлығы, о.і. кестеге сәйкес персонал және келушілер есепке алынуы тиіс.
3. Медициналық қалдықтарды жою
- Қалдықтарды жинау, сақтаужәне шығару медициналық қалдықтарды басқару схемасына сәйкес орындалуы тиіс.
- Персонал арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдарының жиынтығымен қамтамасыз етіледі.(халаттар/комбинезондар, қолғаптар, бетперделер/респираторлар/қорғаныш қалқаншалар, арнайы аяқкиім, алжапқыштар,жеңқаптар және т.б.)
- Арнайы киімді жуу орталықтандырылады. Арнайы киімді үйде жууға тиым салынады.
- Қалдықтар көп реттік сиымдылықтарға не бір реттік пакеттерге жиналады. Бір реттік пакеттер арнаулы арбаларға не көп реттік контейнерлерге салынады.
- Қалдықтарды жинауға арналған сиымдылықтар мен арбалар белгіленеді.
- Толтырылған көпреттік сиымдылықтар не бір реттік пакеттер арнайы белгіленген осы қалдық сыныбына арналған контейнерлерге салынады.
- Көп реттік ыдыстар босатылғаннан кейін жуылуға және дезинфекциялануға жатады.
- Қалдықтарды тасымалдау жасалған келісім-шартқа сай ұйымдастырылады.
- Медициналық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын персонал арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдар жиынтығымен қамтамасыз етіледі (қолғаптар, бетперделер/респираторлар/қорғаныш қалқаншалар, арнайы аяқкиім, алжапқыш)
Кір жуу
- Науқас пайдаланған төсек жаймасы ластануына қарай және 7 күнде бір рет ішіне клеенка қап салынған қақпағы бар бакке не шелекке жиналып, арнайы бөлмеде сұрыпталып, әрі қарай жууға жіберіледі.
- Пайдаланылған жаймалар мен төсек бұйымдарын сақтауға арналған бөлме стеллаждармен, қол жууға арналған раковинамен, сабынмен, қақпағы бар ыдыстармен,қаптармен, жинау мүкаммалымен, шүберекпен, дезинфекциялық ерітінділермен жабдықталады.
- Пайдаланылған жаймалармен жұмыс жасайтын санитарка арнайы киіммен (халат, орамал, клеенка алжапқыш), резеңке қолғаппен, респиратормен(бетперде) және аяқ киіммен қамтамасыз етіледі.
- Науқастың бөлінділерімен ластанған жайма тез арада арнайы ыдыста залалсыздандырылады, содан кейін ылғал күйінде жууға жөнелтіледі.
- Жаймалар жууға жіберілген соң бөлмеге дезинфекциялық құралдарды пайдаланып ылғалды жинау жүргізіледі, содан кейін санитарка гигиеналық душ қабылдап, киімдерін киеді.
- Науқас шыққаннан кейін төсек жабдықтары стационарлық дезинфекциялық камерада залалсыздандырылады.
Серик ЕРДАЛИЕВ,
«Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС
эпидемиолог дәрігері,
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы,
Қызылорда облысы
Фотосурет www.dw.com сайтынан алынды.
Коронавирустың алдын алу шаралары бойынша ауруханадағы семинар-сабақ
2020 жылдың 6 ақпанында «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС мәжіліс залында «Коронавирустың алдын алу шаралары бойынша оқу-жаттығулар өткізу туралы» тақырыбында Қазалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС-мен бірлескен семинар-сабақ өткізілді.
Семинар-сабаққа Қазалы ауданаралық ауруханасынан және Қазалы обаға қарсы күрес бөлімшесінен маман дәрігерлер шақырылды.
«Коронавирустың клиникасы, диагностикасы, емдеу тәсілдері туралы» Қазалы ауданаралық ауруханасының инфекционист дәрігері О.Кеубасов, «Коронавирустік инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу шаралары туралы» Қазалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы С.Ақбаева, «Коронавирустік инфекция бойынша аурухана ішілік алдын алу шараларын күшейту туралы» ЖШС «Қазалы теміржол ауруханасы» эпидемиолог дәрігері С.Ердалиев аурухананың медициналық қызметкерлерін аталмыш инфекция жөнінде жаңа ақпараттық материалдармен таныстырды.
Қазалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігері С.Жадырасын «Коронавирустік инфекциямен ауыратын науқас немесе оған күдікті анықталған жағдайда медициналық қызметкерлердің қорғаныс киімдерін киіп-шешу ережелері туралы» оқу-жаттығу сабағын жүргізді.

Серик ЕРДАЛИЕВ
Құрметті ардагер атанды
Жыл басында редакцияға облыс орталығынан жағымды жаңалық жетті.
Денсаулық сақтау саласының тәжірибелі маманы, Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері, іскер ұйымдастырушы, ауданға белгілі азамат Құбыл Ршымбетов тағы бір тартуға ие болды. Қызылорда облыстық ардагерлер Кеңесінің қаулысы бойынша Құбыл Ршымбетұлы «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен марапатталды. Газетіміздің жанашырын ақжолтай хабар, мерейлі марапатымен құттықтап, халыққа еткен қызметіңіз игілік жолына бағыттала берсін деген тілектестігімізді білдіреміз.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат
https://qazaly.kz/kogam/12752-rmett-ardager-atandy.html
Емханаға онлайн тіркелу үшін не қажет?
Kyzylorda-news.kz. Қазақстандықтар egov.kz электронды порталы, Telegram bot арқылы емханаға онлайн режимінде тіркеле алады. Өтініш бір жұмыс күні ішінде өңделеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты. Онлайн тіркелу үшін азамат http://egov.kz сайтына өтініш жасап, «Медициналық көмек» батырмасындағы «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдауы қажет. Одан соң «Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басу керек.
Өтініш сәтті жолданғаннан кейін порталда «Сұраныс өңделуде» мәртебесі пайда болады.
Емхананың үйден, жұмыстан және т.б. 15-20 минут жаяу жүретін жерде орналасқаны жөн. Бұл дәрігерлерге қажет болған жағдайда үйіңізден жедел көмек көрсетуге, бүкіл отбасыңызбен бір дәрігерге қаралуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тұрғылықты жер бойынша емханаға Telegram bot арқылы тіркелу мүмкіндігі бар, ол үшін Telegram мессенджерінде @Kenes1414Bot-қа жазылып, қарапайым тіркеуден өтіп, ары қарай қызмет түрі: медициналық ұйымға мессенджер арқылы тіркелуді таңдап, емхананы таңдау қажет. Қызметті көрсету мерзімі – бір жұмыс күні.
Ботпен жұмыс жасауды бастау үшін eGov.kz-ке тіркелген болып, ұялы телефонның нөмірін порталдың профиліне байланыстыру қажет. Телефонды тіркеу және байланыстыру ЭЦҚ пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, азаматтың қаланың белгілі бір емханасына тіркелгені туралы ақпарат алуға болады.
https://syr-media.kz/news/14300-emhanaa-onlayn-trkelu-shn-ne-azhet.html
Ана алғысына бөленген
Редакцияға келген ақ жаулықты ана амандық-саулықтан кейін: «Қызым, газет арқылы алғыс айтайын деп едім», – деп жаныма жақындады. Айтқан әңгімесінен осыдан бірнеше ай бұрын ауыр халде жансақтау бөліміне түсіп, ем-дом қабылдағанын аңғардық. Дертіне дауа іздеп барған шақта жанына жалау болып, үздіксіз шипасын жүргізген «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС-ның реанимация бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Қуанышбаев пен нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Талғат Жиенқұловқа кейуананың ризашылығы шексіз.
«Әуелі Алла, содан соң Талғат пен Жасұланның арқасында аман қалдым» деген Бағдагүл Кішкенееваның сөзінен соң оқиғаның мән-жайын дәрігерлердің аузынан естуді жөн көріп, емдеу орнына жол тарттық.
Күнделікті қарбалас жұмыстан қолы қалт ете бермейтін дәрігерлер келген мақсатымызды білген соң: «Ауырып ем іздеп келген жанға қызмет көрсету, біздің басты міндеміз», – деп жылы қабылдады. Төтеннен келген дертпен күресіп, бірнеше ай төсекке таңылған Бағдаүл апа туралы сұрағанымызда: «Иә, есімде қан қысымы қатты жоғарылап, ауыр қалде түсті. Қолдан келгенді аянып қалмадық. Бір апта ішінде ем-дом жүргізіп, облыс орталығындағы ауруханаға жеткізген едік», – деп өткенді еске түсірді Жасұлан Серікұлы. Әріптесін құптай сөйлеген Талғат Жиенқұлов та: «Реанимацияға қандай күйдегі науқастар түсетіні айтпасада белгілі. Соңғы жылдары инсультке ұшыраған жандар қатары артып кетті. Осы орайда 2016 жылдан бері ауруханада ашылған нейроинсульт орталығынан Арал, Қармақшы, Қазалы аудандарының азаматтары ем алуда», – дейді.
Өз ісінің білікті маманы атанған қос дәрігер де көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Бала күнінен медицина саласына қызығушылығы бар Жасұлан Қуанышбаев мектеп бітірген соң С.Асфендияров атындағы Алматы медицина институтынан хирург мамандығын меңгерген. Оқу бітірген жылы Алматыда қалып, жедел жәрдем қызметінде еңбек еткен ол, 2003 жылы туған жерге оралды. Медицина саласына етене араласып, халық денсаулығын жақсартуға бойындағы қабілеті мен білімін сарп етті. Тәжірибелі маман қазір реанимация бөлімінің меңгерушісі. Ал көптен бері медицина саласында қызмет етіп келе жатқан Талғат Жиенқұлов алғашында Семей мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетінде білім алған. Бертін келе неврология мамандығын меңгерді. Еңбек жолында бірнеше сатылардан өтіп, басшылық қызметтерді де атқарды. Қазалы аудандық ауруханасында еңбек етіп жүрген білікті дәрігер 2013 жылы Құбыл Ршымбетовтың шақыртуымен Қазалы теміржол ауруханасына келді. Осы жылдан бастап, 2016 жылға дейін неврология бөлімін басқарды. Бүгінде нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі. Нейроинсульт орталығы 20 төсекке арналған. Оның тең жартысы инсульттық, қалған 10-ы ерте оңалтуға бөлінген.
Адам ауруханаға дертінен айығу үшін келеді. Ем шараларынан бөлек, «Халіңіз қалай, апа?», «Алла жазса, құлан-таза айығып кетесіз, аға» деген бір ауыз тілекші сөздің өзі жаныңызға медет болары анық. Науқасқа қолының шипалығымен қатар жүрегінің жылылығын арнай білген дәрігерлермен аз-кем әңгімелесу кезінде осыны ұқтық.
Мамандығының мақтаулысына айналған ақ халатты абзал жандарға ана аманатын жеткізіп, тек ғана алғыс арқалауына тілектестік білдіріп, қоштастық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
https://qazaly.kz/kogam/12590-ana-alysyna-blengen.html
