Қазалы теміржол ауруханасының
облыстағы медицина саласында өзіндік орны бар. Ауласына қадам басқаннан
мұнтаздай тазалықтың, тегеурінді тәртіптің ордасы екенін аңғару қиынға
соқпайды. Жаз мезгілінде бас сұқсаңыз, жанарыңыз жайқала өскен жасыл желекке
түседі. Самалмен тербетілген көлеңкелі ағаштар, алуан гүлдер мұнда
көгалдандыру-көркейту шараларының өз мәнінде екенін аңғартады. Оған қоса
ҚР-ның денсаулық сақтау саласының үздігі Құбыл Ршымбетов ұзақ жылдан бері
басшылық жасайтын ауруханада заманауи жаңалықтарды игеруге, соңғы үлгідегі
медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс жасауға баса мән беріледі.
Осындай ізденімпаздықтың арқасында
жуырда тағы бір игілікті іс жүзеге асты. Тораптық аурухана аудан
орталығындағы мекемелер арасында бірінші болып орталықтандырылған газ
жүйесіне қосылды.
- Ғасыр тоғысында жылу бағасының
қымбаттауына байланысты теміржол ауруханасы орталықтандырылған жылу
қазандығынан ажыратылып, өз алдына жылу қазандығын салып, соған ауысқан
болатын. Бұл кезде ғимарат көмірмен жылытылып жүрді. Маусымына 1000-1200
тонна көмір жағылушы еді. Бұрынғы тәсілге қарағанда арзандау көрінгенмен жылуды
тұрақты ұстап тұру қиынға түсетін. Ойласа келе жаңадан газбен жылытатын екі
қазандық сатып алдық. Осылайша облыс аудандарының профилактикалық
мекемелерінің арасында тұңғыш сұйытылған газбен жылытуды қолға алдық. Жылуға
кететін шығын біршама азайды. Міне, енді газ жүйесіне қосылдық. Нәтижесі
керемет. Қаржылық тұрғыда өте тиімді. Тасымалданатын сұйытылған газға
жұмсалатын шығыннан анағұрлым (кемінде 3-4 есе) арзан. Көптеген шаруа
тындырылды. Жазатайым газ болмаған жағдайда қосымша көмірмен жылытатын екі жылу
қазаны, бөлімдерді орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау үшін тағы бір
қазандық орнатылды. Алдағы уақытта аурухананың асханасын газ жүйесіне қосу
көзделуде. Сондай-ақ науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын,
деңгейін көтеру басты назарда тұр. Аурухана пайдалануға берілгеннен бері
жұмыс істемей тұрған жүк лифтісі жөнделіп, іске қосылды. Ішкі электр
жүйесінде мін болмауы үшін қосымша қос бірдей авариялық автостанция, әрбір
науқастың керуетінің тұсына мейіркешке сигнал беру қондырғысы қойылды, -
дейді Қазалы теміржол ауруханасы директорының щаруашылық жөніндегі орынбасары
Сатыбай Қосжанов.
«Ұйымдастыра білген ұтады» деген
осы.
Жүмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы |