"Денсаулық" медициналық пойызы Қызылордада
"Денсаулық" медициналық пойызы Қызылорда облысы тұрғындарына көмек көрсетуде. Кестеге сай бірінші аялдама - "Сексеуіл" бекеті болды. Мұнда "Денсаулық" медициналық пойызының дәрігерлері тұрғындарды 14-17 маусым аралығында қабылдады, содан соң "Абай" бекетінде жұмысын жалғастырады.Әрі қарай дәрігерлер бригадасы Арал тұрғындарына қызмет көрсетуге кірісті. Пойыз бұл бекетте 21-24 маусым аралығында болады. Облыс көлемінде шалғайда орналасқан 28 темір жол бекеті мен жол айырығының тұрғындары темір жолдың жылжымалы дәрігерлер бригадасының қызметіне жүгіне аладаы. Жалпы "Денсаулық" пойызы мамандары арқылы темір жол бекеттерінің тұрғындары екі ай бойы, яғни 17 тамызға дейін дәрігерлердің тексеруінен өтіп, қажетті алғашқы көмек, кәсіби кеңес және жақын жердегі медицина орталықтарында әрі қарай емделуге жолдама алады. "Денсаулық" медициналық пойызының 8 вагонында науқастарды толық тексеруге, амбулаториялық ота жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған. Медицина бригадасының құрамында терапевт, педиатр, невропатолог,окулист,ЛОР, гинеколог, хирург,уролог, стоматолог мамандары бар. Айта кету керек, "Денсаулық" пойызы өз жұмысын ағымдағы жылдың 21 сәуірінде Маңғыстау облысының "Тұрыш" бекетінен бастады, пойыз өз жолында Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтарындағы темір жол бекеттеріне барады, содан соң 2017 жылы 20 желтоқсанда Алматы облысында жұмысын аяқтайтын болады. Медпойыз дәрігерлері демалыссыз жұмыс істейді және барлық қызмет тегін көрсетіледі. Мамандандырылған медицина пойыздары - "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы АҚ мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арасында 2010 жылы 9 наурызда жасалған, медициналық қамсыздандыру мәселелерінде өзара жұмыс істеу туралы меморандум аясында жүзеге асырылған жоба. "Денсаулық" пойызы "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде республикалық байқауында "Жылдың үздік әлеуметтік жобасы" номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі болды, сондай-ақ 2010 жылы "Қазақстандағы Жыл таңдауы №1" халықаралық фестивалінде Қазақстандағы үздік әлеуметтік-жауапкершілік жобасы атанды.
Айнұр БАТТАЛОВА. «Сыр бойы» газеті. 22 маусым 2017 жыл. |