Гүлшара Әбдіқалықова: Жерлестерімнің қауіпті індет кезеңінде сақтанып жүргенін қалар едім

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарға өз денсаулығының қожасы өзі екенін ұмытпай, қауіпті індет кезеңінде сақтанып жүруін өтінді. Бұл туралы аймақ басшысы «Facebook» парақшасында жариялады.


Қадірлі жерлестер!


Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1948 жылы құрылған, ал, 1950 жылдан бері құрылған күні атаулы күн ретінде белгіленген. Осы уақыттан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр.


Атаулы күні адамдар өз өмірінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлем болып денсаулықты жақсартуға шешім қабылдауы үшін өткізіледі.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады.Өткен жылдан бері әлемді жайлаған пандемия індеті адамзат баласының денсаулығына зор зиян келтіргені рас.


Көрінбейтін жауымызға айналған коронавирус індеті тағы қандай түрге еніп, қалай шыға келетіні белгісіз. Сондықтан, біз кез келген уақытта вирусқа қарсы тұра алатындай әзірлікті үзбеуіміз қажет. Сол үшінде қазіргі уақытта халықты ерікті түрде вакцинациялау жүріп жатыр. Оның тиімді екені әлемде дәлелденуде.


Қарап отырсаңыз, адамдардың тығыз жиналған жерінде вирус тез тарайды. Сондықтан да, әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиянын тигізбеуі керек. Ол үшін қарапайым қағидатты ескерсе болды: маска, антисептик және арақашықтықты сақтау. Адамзат баласы жаралғалы бері талай қатерлі індетті бастан кешірді емес пе? Олардың әрбірі адам өміріне қайғы-қасірет әкелді.


Денсаулық – баға жетпес асыл дүние. Оны қайтадан орнына әкелу оңайға соқпайды. Сол себепті, жерлестерімнің өз денсаулығының қожасы өзі екенін ұмытпай, қауіпті індет кезеңінде сақтанып жүргенін қалар едім. Саулық – сақтықта!


https://syr-media.kz/news/19483-glshara-bdalyova-zherlestermn-aupt-ndet-kezende-satanyp-zhrgenn-alar-edm.html 

7-04-2021, 12:26

Динара Жаңабергенова: Қызылорда «жасыл» аймақта болғанымен арқаны кеңге салуға болмайды

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының бас мемлекеттік дәрігері Динара Жаңабергенова аймақ тұрғындарына үндеу жасады.


Құрметті қызылордалықтар!Қазіргі таңда әлемде коронавирус инфекциясы қайта өршіп, бірнеше елде шектеу шаралары күшейді. Біздің елімізде де ахуал мәз емес. Қызыл аймаққа енген өңірлер саны өсті. Қызылорда «жасыл» аймақта болғанымен соңғы 5 күнде ауру көрсеткіші едәуір өсті. Күн сайынғы вирус жұқтыру қарқыны артып келеді. Өткен тәуліктің өзінде 27 жағдай тіркелді. Бұл ағымдағы жыл басынан бері орын алған бір күндік ең жоғарғы көсеткіш.


Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 4071-ге жетті. Оның 3% сырттан тасымалданған болса, 56% скринингтік тексеру нәтижесінде анықталған, 41% қарым-қатынас арқылы жұқтырған. Ауру көрсеткіштерінің өсуі наурыз мерекелерінен кейін орын алуда. Бұл мейрам күндері карантин талаптарына қарамастан мерекелік коропоративтер, жасырын той-жиындар жасап, шектеу шараларын бұзудың салдары деп болжанады.


Карантинге алынып, үй-жағдайында оқшауланған адамдар мен оларға күтім жасайтындардың да сақтық шараларына салғырт қарауы жағдайды ушықтыруда. Себебі вирустың адамға әсер ету жылдамдығы жоғары. Оның үстіне вирустың мутацияланған жаңа штамдарының белсенділігі әлем бойынша артып келеді. Қызылорда «жасыл» аймақта болғанымен арқаны кеңге салып, бейқам отыруға болмайды. Керісінше сақтық шараларын әлсіретпей, күшейту қажет екендігін тағы да ескерткім келеді.


Ойын-сауық іс-шараларын, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық салтанатты, естелік іс-шараларын, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.


Бетперде киюге, жеке гигиена ережелерін, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтауға, дене қызуы көтеріліп, жөтел және тыныс алу қиындаған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге шақырамын. Ата-аналарға күн сайын балаларға сақтық шараларының маңыздылығын түсіндіріп отыруды сұраймын. IV тоқсаннан бастап білім беру дәстүрлі форматқа көшірілді. Мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында шектеу шаралары, оның ішінде карантин кезінде білім беру ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар белгіленді. Бұл талаптар әрбір мектепте бұлжытпай орындалуы тиіс.


Әрбір тұрғын мамандар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орындаса инфекцияның да таралуынтаратпауға мүмкіндік болады. Жауапкершілік те, қауіпсіздік те – ортақ.


https://syr-media.kz/news/19453-dinara-zhaabergenova-yzylorda-zhasyl-aymata-bolanymen-arany-kege-salua-bolmaydy.html 


2-04-2021, 12:22

Туберкулез жөнінде не білген жөн?

24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні


Туберкулез - әдетте өкпені зақымдайтын елеулі кесел. 

Туберкулездің берілу жолы ауалық-тамшылық, әсіресе жұғу ықтималдығы науқас адаммен жиі жұғысуда (контактта) арта түседі.

Туберкулезді қабылдауға бейімділік организмнің қорғаныс күштері әлсіз адамдарда (мысалы, ерте жастағы балалар, кәрі адамдар, ЖИТС-ке щалдыққандар мен АИТВ-жұқпаланғандар) жоғары болады. Туберкулез емделмегенде елеулі зардаптарға жетелеуі мүмкін. Балаларда кесел көбіне бастапқы кешен (аздаған ауырлық дәрежесіндегі дерт түрі) формасында кездеседі. Дұрыс, толық жүргізілген емде баланың жұқпадан толығымен сауығуы мүмкін. Дегенмен, егер денсаулықтың және иммунитеттің жалпы жағдайы нашарласа, бірнеше жылдардан кейін кеселдің қайта соғуы ықтимал.

Туберкулездің даму себебі туберкулез микобактериясымен (ТМБ) жұқпалану болып табылады.   

Туберкулездің симптомдарында екі аптадан астам уақытқа созылатын күшті жөтел, кеуде клеткасындағы ауыру, қанмен немесе қақырық түсумен өтетін жөтел, жүдеп, салмақ жоғалту, дене температурасының жоғарылауы, түндегі терлеу, тәбеттің төмендеуі, әлсіздік немесе шаршау, тізе аумағында орналасқан қоңыр-қызыл ауыртпалы тері асты түйіндері көбіне елеулі рөл атқарады.

Туберкулездің асқынулары өкпеден тыс, яғни басқа ағзалардың зақымдануы түрінде білінеді (мысалы сүйек жүйесі, ми, бүйрек). Егер туберкулезге күдік туындаса дәрігерге қаралған жөн. Дәрігер нұсқаған дәрілерді толықтай қабылдау қажет. Дәрі қабылдау үзілгенде немесе оларды ерте алып тастағанда дәріге төзімді туберкулездің дамуы мүмкін. Жақсы желдетілген бөлмеде жеткілікті тынығу, толыққанды калориясы бар ас ішу, алкогольден және темекіден бас тарту, дене шынықтырумен ұдайы айналысу қажет. 


Серік ЕРДАЛИЕВ,

«Қазалы темір жол ауруханасы»

ЖШС эпидемиолог дәрігері,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы 


Сурет www.efarma.ru сайтынан алынды


24-03-2021, 12:24

Абырой, бедел – мінезден


Біз әңгіме еткелі отырған Әлайдар Әбдуайтов ағамыз саналы өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, табысты еңбек еткен тұлға. Адамдығымен, адалдығымен көптен ерекшеленіп, кәсіби маман ретінде өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетті.


Әлекең 1942 жылы Бесарық ауылында дүниеге келіп, 1949 жылы мектеп табалдырығын аттайды. 1959 жылы мектепті бітірісімен Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түседі. Дәрігер мамандығын таңдауына мектепте жүргенде бір хирург туралы естіген әңгімесі себепкер болған екен. Мектепте өте жақсы оқыған, институтқа түсердегі емтихандардан оңай өткен, химиядан тапсырған кезде билеттің сұрақтарына толық жауап беріп, баға қойылайын деп жатқанда емтихан алушылардың ішіндегі бір орыс әйел алты теңдеу жазып беріп, шешімін сұраған екен. Сонда Әлекең әлгі теңдеулерді сол тұрған жерінде шығарып беріп, бәрін риза етіпті.
1965 жылы институтты хирургия мамандығы бойынша бітіріп шығады. Әдепкі жылдары Жаңақорғанға туберкулез диспансеріне жіберген, сол жерде 1,5 жылдай басқа мамандық бойынша жұмыс атқарады. Әлекең бұл жөнінде: «Молдахмет Бақбаев деген сол кезде атағы жер жаратын дәрігермен жұмыстас болдым, ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Дәрілік шөптер жайлы еш жерде кездеспейтін мағлұматтар алдым. «Канон врачебной науки» деген қазіргімен қоса көне замандардың да ем-домын қамтитын алты томдық кітаппен таныстым. Не керек, өзіме керек көптеген деректерді ұғынып алдым», – дейді.
Жаңақорғанда жүргенде атағы шығып, педиаторлық жұмыста жүр­генінде көпшілік: «Әлайдарға барып көрінеміз» дейтін еді. 1967 жылы Шиелідегі темір жолдың ауруханасына хирург болып ауысады. 1970 жылы денсаулық сақтау министрлігі бұл кісіні Қызылорданың облыстық емханасының бастығы етіп ауыстырады. «Емханада тәртіп бетімен кеткен екен, алдымен сол тәртіпті орнына келтіруден бастадым», дейді Әлекең.
Осылайша, біртіндеп емханада тәртіп орната бастағанда, бұрынғы жағдайға үйреніп қалған бірен-саран адамдар арыз да ұйымдастарған көрінеді. Әлекең табанды мінезінің арқасында соның бәрін жеңіп шығады. 1973 жылы Қызылордадағы облыстық темір жол ауруханасына бас дәрігерлік қызметке ауыстырылады. Бұл ауруханаға Қызылорда облысы шекарасындағы темір жолға қарайтын барлық медициналық мекемелер қарайды екен. Сол кезде бұл аурухана республика бойынша көрсеткіштері ең соңғы орында тұрған аурухана болған. Әлекең келісімен бәріне қатаң талап қойа бастаған және де күн түн демей барлық бөлімдерге бақылау жүргізіп, нәтиже талап етіп, тіпті түнде де тексеріс жасаған.
Сондай бір тексерістің кезінде сол ауруханаға қарасты әйелдер босанатын бөлімде бір кісінің төрт күн бойы босана алмай жатқанынының үстінен түседі. Әлекең әлгі кісінің босана алмау себебін бірден анықтап, аман есен босандырып алады. Бұл жерде әйел босанарда анда санда ғана пайдаланылатын іштегі баланың сыртқа шығуын аяғымен шығаратын медициналық әдіс қолданған. Олай етпегенде әйелдің де, іштегі баланың да өліп кету қаупі бар. Бұл айтып отырғанымыз Әлекеңнің тынымсыз еңбегінің бір ғана көрінісі. Осындай әрекеттердің арқасында бұл аурухана Әлекең келгеннен соң бір жарым жылдан соң барлық көрсеткіштері бойынша республикада екінші орынға шығады.
1976 жылы қалалық партия комитетінде бір жиын болып,онда бала өлімі жайлы мәселе қаралып,сонда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан келген бір әйел: «Біздің көрсеткішіміз Әбдуайтов басқаратын аурухананың көрсеткішіне байланысты төмен болып тұр» деп жіберген екен. Содан қалалық комитеттің хатшысы Ковалев Әлекеңе шүйлігіп: «Мен сендей бас дәрігерді балшықтан жасап аламын» деп айтып жіберген көрінеді. Сонда Әлекең, алдымен аурухананы тексеріп көрулерін, содан кейін барып әңгіме айтуларын тайсалмай талап етеді. Кідірмей сондай тексеру жүргізіледі, тексеру барысында таңқаларлық нәтиже анықталады. Жоғарыдағы жиналыста негізсіз сынға ұшыраған Әлекең басқарып отырған аурухана барлық жағынан үлгілі болып шығып, «озық тәжірибе мектебі» деген атпен ауру балаларға қызмет көрсету жөніндегі плакат жасалып, ол облыстың барлық ауруханаларына таратылған екен.
Сол кезден бастап, зейнетке шыққанша Әлекең басқарған аурухана республикада бірінші орынды ешкімге бермей кеткен. Сол кездегі облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Ернияз Омаров бұл кісіні ылғи да үлгі етіп сөйлеп, «Әбдуайтовтай төрт бес глав. врачым болса, мен уайымсыз болар едім» – дейді екен. Әлекең айтады: «Өстіп жүріп ақ 1986 жылы партиялық сөгіс алдым, бір белгілі адам менің орнымды алғысы келіп,бір Социалистік Еңбек Ері атағы бар кісіні маған қарсы қойды,не керек сол кісінің арызын қараған жиында маған сөгіс берілді,жиналыстың соңын күтпей шығып кетіп,өзімді қызметтен босатулары туралы арыз жаздым, бұл менің көпе көрінеу жасалған әділетсіздікке деген қарсылығым еді».
Бұл оқиғаның соңы облыс басшысы Еркін Әуелбековтың алдына дейін барып, оң шешімін тапқан. Облыс басшысы бұл ауруханға бірді екілі келіп, жұмыс барысымен танысып, риза боп жүрген. Әлекең екі рет қалалық кеңеске депутат болып сайланған. Содан тағы да ұсынылғанда өзі депутат болудан бас тартыпты. 1981, 1984 жылдары екі мәрте жоғарыға, лауазымды қызметке шақырғанда денсаулығына ауа райы дұрыс келмейтін болған соң бармай қалған екен. Одан кейін, 1996 жылы, облыстық денсаулық сақтау бөліміне бастық болуға шақырғанда да келісім бермеген.
Әлекеңнің аздап өкінішпен еске алатыны бұл кісіні екі рет еңбек сіңірген дәрігер деген атаққа ұсынған екен. Сонда сол кезде обкомда денсаулық жағына куратор болған Сапожникова деген кісі екеуінде де қарсы болып, ұсынысты өткізбей тастапты. Әлекең бұл әйелмен бұрын, жұмыс бабында бірталай айтыс-тартысқа түсіп, өз туралығын дәлелдеген.
Бұл кісінің зейнетке шығуы да оңай болмапты. 2010 жылы зейнет жасына толса да бұл кісіні зейнетке шығара қоймапты,содан барып үш рет зейнетке шығу тралы арыз берген. Тіпті бастыққа, бейнет істеген адам сол бейнетінің зейнетін де көруі керек деп те уәж айтқанда да зейнетке шығармаған. Ақыры инфаркт болып ауырып, содан соң лажсыз орнына басқа адам жіберіп, зейнетке шыққан. Әлайдар аға туралы Исекең (атақты Исатай Топышев) айтты деген бір сөз: «Осы баланың қолдаушысы жоқ, әйтпесе, министр болуға қабылеті жетеді», деген екен. Сол Исекең бірде Әлекеңнің үйінде отырып: «Айналайын, жігіт қырыққа дейін халық үшін, бедел үшін аянбай қызмет етуі керек, қырықтан кейін жиған беделің саған жұмыс істейді» депті. Қандай дәлдікпен айтылған сөз!
Байқап отырсақ, осындай пайымды кісілерге осындай ризалық сөздерді айтқызып отырған Әлекеңнің мінезі болса керек. Бұл кісі мақсатқа жетер жолда асқан табандылық көрсете отырып, қарамағындағыларға ықпалы зор басшы бола білген. Ауылға бір барғанында жергілікті аурухананың аянышты жағдайын көріп, төсек орын жағынан, қажетті техникалық аспаптар жағынан қомақты көмек көрсеткен. Әлекең осы ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында «СССР медицина үздігі» төсбелгісімен, ҚР медициналық қауымдастығының «Алтын дәрігер» атағымен, Лениннің жүз жылдығына шығарылған медальмен, Қазақстанның он, жиырма жылдық медальдарымен марапатталған, «Құрметті теміржолшы» деген атақ алған, «Қазақстанның атақты теміржолшылары» деген кітапқа енген. Бұл күндері бұл ол Қызылордада ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің арасында, Ырыс жеңгемізбен бірге жайлы ғұмыр кешуде.

Абибулла ШЕР

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/ruhaniyt/16358-abyroy-bedel-mnezden.html#sel=1:1,14:2 
19-02-2021, 16:09

МӘМС мүмкіндіктері: жүкті әйелдерді, мигранттарды және БЖТ төлеушілерді не мазалайды?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз өзектілігін жоғалтпайтын тұрғындардың сұрақтарына жауап беруді жалғастыруда. Естеріңізге сала кетейік, өтінішті кез келген кері байланыс арнасы - 1406 байланыс орталығы, «Qoldau - 24/7» мобильді қосымшасы, Telegram-бот @SaqtandyryBot және ресми сайт арқылы қалдыруға болады fms.kz.- Ай сайын БЖТ төлеймін, сонда да «сақтандырылмаған» деген мәртебе беріледі, неге?

- Сірә, өтініш берген сәтте ағымдағы ай үшін БЖТ төленбеген немесе алдыңғы үш ай ішінде олқылықтарға жол берілген. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, сақтандыру мәртебесін алу үшін БЖТ-ны үш ай қатарынан төлеу қажет. Сонымен бірге, егер ол төртінші айда медициналық көмек алуға ниет білдірсе, онда ол ары қарай БЖТ төлеуі керек.

Мүмкін, адам техникалық себептермен жүйеден «шығып қалған» шығар. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет. Егер мамандар барлық жарналардың бар екеніне көз жеткізсе, мәртебесін қалпына келтіреді.

- Жеке клиникаға тіркелуге бола ма?

- Иә, әрбір адам бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде МСАК ұйымын еркін таңдауға құқылы, бұл ереже жеке ұйымдарға да қолданылады. Жалғыз қойылатын шарт – клиника Қордың жеткізушісі болып табылады және МӘМС бойынша қызметтер көрсетеді.

Емхананы жыл сайынғы тіркеу науқаны шеңберінде, сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырған, басқа елді мекенге көшкен немесе өзі жатқызылған емхана қайта ұйымдастырылған жағдайларда ауыстыруға болады.

- МӘМС төлемегені үшін адамға қандай қауіп бар? Қандай айыппұлдар қарастырылған? Жұмыссыздарға қалай төлеуге болады?

Өз қызметкерлері үшін жарна аударатын жұмыс берушілер үшін МӘМС бойынша берешек пайда болған жағдайда төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін берешек сомасының 1,25% мөлшерінде өсімпұл көзделген. Егер жұмыс беруші қызметкерге төлем жасамаса немесе оны уақтылы жасамаса, қызметкер МӘМС пакетінде медициналық көмек ала алмайды, оның мәртебесі «сақтандырылмаған» болып өзгереді.

МӘМС үшін аударымдар зейнетақы, әлеуметтік аударымдарды төлеу сияқты міндетті болып табылатынын атап өткен жөн. Бірақ жұмыскерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, БЖТ төлеушілерге қандай да бір айыппұл санкциялары жоқ. Төлемдер тұрақты болмаған жағдайда азаматқа сақтандырылушы мәртебесі берілмейді.

Жұмыссыздар мемлекет аударымдар жасайтын азаматтардың жеңілдікті санатына жатады. Жұмыссыз мәртебесін растау үшін жұмыспен қамту орталығына хабарласып, есепке тұру қажет. Егер адам жұмыссыз бола тұра, жұмыспен қамту орталығына жүгінгісі келмесе, онда дербес төлеуші ретінде ай сайын 2125 теңге мөлшерінде жарна төлеу ұсынылады.

- Жүктімін. Басқа жерге көшіп кеттім, енді мені бұрынғы емханада қабылдамайды, не істеуім керек?

- ҚР ДСМ бұйрығына сәйкес, жүкті әйел нақты тұратын жері бойынша емханада есепте тұруы тиіс. Пациент көшіп келгендіктен, яғни медициналық ұйымның қызмет көрсету аумағынан шыққандықтан, емхана өкілдері оны қабылдамауға құқылы.

Жүкті әйелдер үшін қадамдық қолжетімділік қағидатын есте сақтау өте маңызды: МСАК дәрігерлері егер емхана пациенттің үйінен 15-20 минуттық жаяу жүретін болса ғана көңіл-күйінің нашарлауы кезінде жедел көмек көрсете алады. Сондықтан жақын жердегі емханаға тіркелуді ұсынамыз.

- Егер МӘМС үшін төлем жасамасам, шетелге шыға аламын ба?

- Иә. Елден кету құқығын шектеу бірнеше жағдайда қолданылады, егер: адам сот процесіне қатысатын немесе қатысса, салық, айыппұл немесе алимент бойынша берешегі болса. Көріп отырғанымыздай, «МӘМС-те сақтандыру мәртебесінің болмауы» бұл тізімде жоқ.

- Еңбек мигрантының отбасы мүшелері жеңілдік санатын ала ала ма?

- МӘМС жүйесіне қазақстандықтармен қатар Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан азаматтары, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер қатыса алады.

Егер еңбек мигрантының балалары Қазақстанда тіркелген болса, олар ұлттық білім беру деректер базасы жүйесіне енгізілсе, онда олар үшін жарналарды мемлекет төлейтін болады. Жүкті немесе бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелі де жеңілдік санатына жатады, бірақ ол әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылған жағдайда ғана. Егер әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылмаған болса, ол дербес төлеуші ретінде жарна төлей алады, сондай-ақ МӘМС-тің барлық қолжетімді қызметтерін пайдалана алады.

Егер шетелдік, мысалы, Италиядан болса, оған тек ақылы медициналық көмек көрсетіледі.

- Менің арқам ауырады, физопроцедура өтейін деп едім. Мұны тегін жасауға бола ма?

- Физиопроцедуралар тек екі жағдайда тегін жүргізіледі: егер олар ауруды емдеудің клиникалық хаттамасында көзделген және емдеуші дәрігер тағайындаған немесе оңалту кезіндегі қызметтер кешеніне кіретін болса.

- Бала 10 жаста, ауруханадан шыққаннан кейін күтім қажет. Ата-ананың біреуіне аурухана парағын ашуға бола ма?

- Әрине, ата-ана 14 жасқа толмаған науқас балаға күтім жасау үшін еңбекке жарамсыздық парағын ашуға құқылы. Құжат ол күтімді қажет ететін кезеңге, бірақ күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзімге беріледі және ұзартылады.

- Медициналық сақтандырусыз еңбекке жарамсыздық парағын ашуға бола ма?

- Еңбекке уақытша жарамсыздығын тану үшін адамға еңбекке жарамсыздық парағы қажет. Егер ол бір жерде жұмыс істесе, онда жұмыс беруші ол үшін аударымдар жасайды және медициналық сақтандыру болуы керек. Егер адам қандай да бір себептермен МӘМС жүйесінен «шығып қалса», онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде еңбекке жарамсыздық парағын ашуға болмайды.

- Мен ЖК жеңілдетілгенмін, жалдамалы қызметкерлер жоқ, МӘМС үшін қандай соманы төлеу керек?

- Жеке кәсіпкерлер үшін, салық есептілігі нысанына қарамастан, ай сайынғы жарна сомасы тіркелген және 2021 жылы 1,4 ЕТЖ 5% – ын - 2 975 теңгені құрайды. МӘМС төлемін өзіңіз үшін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады Kaspi.kz, TengriBank, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету Касса 24 және Qiwi әмиян терминалдары арқылы.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың

халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі

https://tolqyn.kz/kogam/19594-mms-mmkndkter-zhkt-yelderd-migranttardy-zhne-bzht-tleushlerd-ne-mazalaydy.html 


16-02-2021, 12:03

Екпе иммунитетті төмендете ме?

Жұмада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологы, сарапшы Лена Қасабекова коронавирусқа қарсы вакцина төңірегінде түрлі әңгіменің көбейіп кеткенін айтты.


– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы екпені қауіпті топтағы адамдарға жыл сайын салуға кеңес береді. Биыл да тұмауға қарсы вакцина салынды. Біздің елде қауіпті топтардағы екпе салынатын адамдар көрсеткіші жыл сайын 10%-ке жететін. Биыл пандемия басталғалы бері ДДСҰ-нан бұл көрсеткішті 40%-ке көтеру жөнінде ұсыныс келді. Неліктен? Себебі коронавирустың инфекция кезінде қауіпті топтар арасында жоғары сырқаттанушылық белгісімен асқынулар көбейді. Өлім-жітім деңгейі де артты. Бұл кездері екпе салдырмаған адамдар тұмаумен де ауырып, қосымша коронавирус инфекциясын да жұқтырса, көрсеткіш одан да көбейетін еді, – деді ол.

Дәрігердің айтуынша, екі жұқпалы аурудың да, яки тұмау мен коронавирус қауіп топтары бірдей. Олар – медицина қызметкерлері, 65 жастан асқан адамдар, қандай да бір созылмалы аурулары бар науқастар.

Сондықтан керісінше, тұмауға қарсы вакцина ол адамдарды тұмаудан қорғап, коронавирус және тұмау асқынуларының бірге жүруінен де сақтайды. Зерттеулердің нәтижесінде тұмауға қарсы вакцинаның коронавирусқа қарсы иммунитетті төмендетпейтіні дәлелденіп отыр, – деді ол.

Біздегі ахуал жөнінде білгіміз келіп теміржол ауруханасының эпидемиолог дәрігері Серік Ердалиевке хабарласқан болатынбыз. Оның мәлімдеуінше, бізге ресейлік мамандардың дайындаған “Спутник V” екпесі келеді. Қазір облыс орталығына жеткізілген. Ауданға келуі үшін оны сақтайтын -18 градустан төмен арнайы мұздатқыш пен тасымалдайтын термо контейнер қажет екен. Бұл құралдар вакцинаның қасиеті жоғалмай, бұзылмауы үшін қолданылады.

– Бүгінде теміржол ауруханасының өз қаражаты арқылы мұздатқыш пен 2 дана термо контейнер сатып алынды. Екпе әзірлейтін және вакцина салынған адамды бақылайтын кабинет дайын. Оған арнайы куәлігі бар 2 дәрігер мен 3 медбике және 2 тіркеуші бөлінген. Олар бастан аяқ жеке қауіпсіздік киімі мен қажетті құралдармен жабдықталған. Екпе келген кезде әуелі медицина қызметкерлері вакцина алады, – дейді Серік Ердалиев.


Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

https://qazaly.kz/zanalyk/17594-ekpe-immunitett-tmendete-me.html



13-02-2021, 14:44

Марапат мінберіндегі маман

“Қазалы теміржол ауруханасы” ЖШС дәрігер рентгенологы Ерболат Дәрібайдің мекеменің жетістікке жетуіне қосқан сүбелі үлесі мен кәсіби шеберлігі ескерілді. Жақында омырауына салтанатты түрде “Қазалы теміржол ауруханасы” ЖШС директоры Құбыл Ршымбетовтың қолынан “Кәсіби үлесі үшін” медалын тақты. Өз ісінің маманы осы салада 40 жылдан аса күн-түн демей, адал еңбек етуде.

Ерболат Тәжібайұлы алғаш еңбек жолын Ақтөбе қаласының облыстық тубдиспансерінде бастады. Кейін Қазалы ауданының өкпе аурулар диспансерінің дәрігер фтизиатры ретінде жұмысқа орналасты. Мансаптық баспалдағын жалғастырған ол Қазалы ауданының санаториялық мектеп-интернатының бас дәрігері болған.

Бүгінде Қазалы теміржол ауруханасында дәрігер рентгенолог қызметін мүлтіксіз атқаруда. Осыдан тура он жыл бұрын 1-санаттағы дәрігер рентгенолог дәрежесіне жетті. Ісіне адал ол еңбек өтілінде іс тәжірибесі мол, сауатты әрі білікті маман ретінде көрсете білді. Тәртіптілігімен, жинақылығымен ерекшеленді.

– Шұғыл жағдайда сауатты әрекет етеді. Диспансерлік науқастардың, жұмысшылардың және олардың отбасыларының денсаулығын күтуді жоғары дәрежеде көрсетеді. Профилактикалық жұмыс пен рентгенология-флюрография және маммографиялық зерттеулерді өз денгейінде жүргізеді. Профилактикалық жұмысын жүргізу мақсатында дәрігерлік эксперттік комиссиясының мүшесі болып сайланған. Аурухананың спорт секторын басқарады. Жылда ауданішілік “Денсаулық” күніне мерекелік шаралар ұйымдастырады. Шахмат бойынша жарыстарға қатысып, бірінші орынға ие болған. “Денсаулық” пойызын ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, халыққа медициналық көмек көрсетті, – дейді аурухана директоры Құбыл Ршымбетов.

Ерболат Дәрібай ұжым мен халық арасында беделі жоғары маман. Жастардың ұстазы ретінде білгенін үйретуден жалықпайды. Оның қарамағында дәрігерлер: Сахи Төлегенов, Ғалымжан Тәжібаев, Наурыз Сырымбаев еңбек етеді. Ал Нұрболат Мыңболсын, Аралбай Миралы, Биболат Түлеубай, Жадырасын Әзиев, Мұрат Байболат, Жалын Көбенов, Мақсат Жалғасбек рентгенолог-лаборант қызметін мінсіз атқаруда.

Бірінші санатты дәрігер рентгенолог Ерболат Тәжібайұлы осы уақытқа дейін халық денсаулығын сақтауда үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.

Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ


https://qazaly.kz/kogam/17511-marapat-mnberndeg-maman.html 


9-02-2021, 14:40

«Коронавирустың адам өкпесіне тигізетін әсері қандай?» - маман жауабы

Дәрігер үш рентген суретімен бөлісті: сау адамның, темекі шегуші және COVID-19 жеңіл түрде ауырған науқастың өкпе суреттері.

Техас технологиялық университетінің Медицина ғылымдары орталығының доценті, дәрігер Бриттани Бэнкхед-Кендалл COVID-19-дың адам өкпесіне тигізетін әсері туралы айтты.

Дәрігер үш рентген суретімен бөлісті: сау адамның, темекі шегуші және COVID-19 жеңіл түрде ауырған науқастың өкпе суреттері.

Дәрігер сау адамдардың рентген суреттері мөлдір болатынын түсіндірді. Темекі шегушілердің өкпе суреттері тыртықтарға байланысты кей жерлері ақ түстес болып келеді. Коронавирустан кейін өкпеде кең көлемде мөлдір емес жерлер көрінеді. Бұл COVID-19 және ауа жетіспеушілігінен туындаған қатты тыртықтарға байланысты болады.

Коронавирус көбінесе өкпе сұйықтыққа толып, қабынған кезде пайда болатын пневмония сияқты асқынуларға әкеледі. Ауырған адамдарда созылмалы жөтел, ентігу, мұрыннан өкпеге дейінгі тыныс алу жолдарындағы эпителий жасушаларының зақымдануы дамиды. Асқыну жағдайлары COVID-19-дың симптомсыз түрімен ауырып жазылған адамдардың 70-80% - да байқалған.

Банкхед-Кендалл денсаулық сақтау саласындағы көптеген сарапшылары індеттің жазылып щыққандарға ұзақ мерзімді әсерін қадағалаудың гөрі өлім-жітім деңгейіне назар аударатындықтарына алаңдаушылық білдірді.

Сонымен қатар, дәрігер COVID-19-дан жазылғаннан кейін де демікпе сақталған жағдайда жедел медициналық көмекке жүгінуге шақырды.

sn.kz

3-02-2021, 15:13

ҚОЛЫ «АЛТЫН» ДӘРІГЕР - ҚҰБЫЛ РШЫМБЕТОВ

YIК ДӘРІГЕР



АДАМ ЖАНЫН ҚАШАНДА АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРҒА ҚОЙЫП, ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ МЫҚТЫ БОЛУЫ ҮШІН БАРЫН САЛАТЫН ДӘРІГЕР КЕЗ КЕЛГЕН МАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ. МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫ ӘРІ ОНЫҢ «АТАСЫ» САНАЛАТЫН ГИППОКРАТТЫҢ ІЗГІ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖҮРГЕН АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАННЫҢ БІРІ – ҚҰБЫЛ РШЫМБЕТОВ. ОЛ - «ҚАЗАЛЫ ТЕМІРЖОЛ АУРУХАНАСЫНЫҢ» БАСШЫСЫ.


 


Қ.Ршымбетов 1948 жылы 13 қарашада Қызылорда облысы Арал ауданы Қасқа-Құлан ауылында дүниеге келген. Ол орта мектепті тамамдап, арман қуып алмалы қала Алматыға жол тартады. Мақсаты - дәрігер болу. 1967 жылы бала күнгі асыл арманы мен бозбала шақтағы мақсатын жүзеге асыру үшін Құбыл мырза Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Ал 1973 жылы aтaлғaн білім ошағының емдеу iсі факультетін бiтipin шығып, Қазақ теміржолына қарасты «Жамбыл теміржол ауруханасында» бір жылдық интернатурадан өтеді. 1974 жылы «Қызылорда теміржол ауруханасына» жолдамамен жұмысқа орналасып, 3 жыл терапевт дәрігер және инфекция бөлімінде бөлімше меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1977 жылдың қаңтар айынан бастап «Қазалы теміржол ауруханасында» дәрігер терапевт, дәрігер инфекционист болып қызмет icrece, 1979 жылы «Қазалы теміржол ауруханасы» бас дәрігерінің орынбасары болып тағайындалды. 1981 жылдан I caнaттaғы дәрігер терапевт. 1996 жылдан жoғapғы caнaттaғы дәрігер терапевт, 2006 жылы I санаттағы дәрігер ұйымдастырушы. 2013 жылдан жоғары санатты қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдастырушысы. 1988 жыл­дан қосымша инерефлексотерапевт қызметін атқарды. 1994-1997 жылдары сол ауруханада бас дәрігер қызметін абыроймен атқарып, 1997 жылдың ақпан-қыркүйек айында Қазалы ортaлықтaндыpылғaн аудандық ауруханасында бас дәрігер бoлғaн. Ал 1997 жылдың қыркүйек айынан бастап, осы уақытқа дейін Қазалы теміржол ауруханасының бас дәpirepi қызметін атқарып келеді. Қaзipгi қызмет атауы - директор.

Ақ желеңді абзал жанның медицина саласында 45 жылдық еңбек өтілі бар. Соның ішінде 25 жыл Құбыл Ршымбетов басшылық қызметте жұмыс істеген. Ол ұжымда білікті басшы болса, науқастар алдында aлғыcқa бөленген дәрігер. Өзінің кәciби біліктілігін үнемі дамытып отыратын дәpirep медицинадағы жаңашылдыққа жете мән бepiп отырады. Ол әр жылдары түрлі курсқа қатысып, әріптестерімен бipгe білімін үнемі шыңдап oтырған. Мәселен, 1976 жылы Алматы қаласында (жұқпалы аурулар), 1980 жылы Алматы каласында (гастроэнтерология), 1988 жылы (рефлексотерапия) бойынша курстарда, 1986 жылы Ташкент қаласында, 1987 жылы Қызылорда қаласында кардиология жөнінде семинар, миокард инфарктінің, стенокардияның қарқынды терапиясы, 2001 жылы Қызылорда қаласында денсаулық сақтау саласын реформалау жөнінде, 2001 жылы Қызылорда қаласында (терапияның, кардиологияның, гастроэнтерологияның өзекті мәселелері тақырыбындағы курстарға, 1989 жылы «электропунктура» тақырыбында Юрмала қаласында, 1994 жылы «Сақтандыру медицинасын жоспарлау» тақырыбында Ақтөбе қаласында өткен курстарға, 2001 жылы Қызылорда қаласында өткен 1 айлық көшпелі циклға және өзге де біліктілікті шыңдау курстарына қатысып, кәсіби білімін одан әрі жетілдірді.

Сондай-ақ, Қ.Рышымбетов жаңа типті аурухана құрылысының толық аяқталуына және ауруханаға қажетті медицина саласындағы озық үлгідегі аппаратуралармен жабдықталуына тікелей ықпал жacaғaн.

Денсаулық саласына қосқан айтулы үлесі үшін Құбыл Ршымбетов түрлі марапатқа ие болған. Атап айтқанда, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 10 жыл», 2005 жылы «Teмipжoлғa - 100 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. 2007 жылы Астана қаласында өткен «Қазақстанның провизорлары мен дәрігерлерінің ІІІ-ші съезіне» қатысқан. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 20 жыл» мерекелік медалін иеленіп, сол жылы Гонконг қаласына тәжірибе алу үшін «медициналық мекемелерін басқару» мамандандырылған іскерлік бағдарламасына қатысқан. 2012 жылы «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» кеуде белгісімен, 2013 жылы «Лучшие люди» құрмет белгісімен, сол жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен, және Барсе­лона қаласында «Барселонадағы Менеджменттің Жоғары Мектебі» (Высшая школа Менеджмента в Барселоне - Graduate School of Managementin) мамандандырылған icкepлік бaғдapламасына және 2014 жылы «Денсаулық сақтаудың әлемдік тенденциялары. Индия тәжірибесі - Мировые тенденции здравоохранения. Опыт Индии» көшпелі тәжірибелік семинарына қатысқан. 

2015 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен «Еңбек ардагері» медалін, Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің «Сыр медицинасы» қоғамдық бірлестігінің «Сыр медицинасының үздігі» медалін, 2016 жылы ҚР халқының өмipi мен денсаулығын сақтауға ciңipгeн абыройлы еңбегі үшін «Алтын дәрігер» төсбелгісін, сол жылы Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленген. 

2017 жылы Қазақстан Республикасының қоғамдық наградалар және атақтар жөніндегі комитетінің шешімі бойынша «Қазақстанның Құрметті Азаматы» орденімен, 2019 жылы Қазалы аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің атынан «Көп жылғы қоғамға сіңірген еңбегі үшін» Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» медалімен марапатталды. 

Сонымен қатар, 2004 жылы Денсаулық сақтау iciнің үздігінің иегері болса, 2003-2007 жылдары аудандық мәслихаттың депутаты болып, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге мол үлес қосқан. 2006 жылы Қызылорда облысы­ның денсаулық сақтау департаментінен «Аудан деңгейінде емдеу-диагностикалық жұмыстарына жаңа технологияларды белсенді енгізу», Қазалы ауданы әкімінің денсаулық сақтау саласына жаңа технологияларды енгізу, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетудегі қызметі үшін «Жыл дәpirepi» номинацияларына ие болып, бірнеше рет облыс, аудан әкімінің мақтау қағаздарымен, ақшалай сыйлықтарымен марапатталған. 2015 жылы КР Президентінің сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін Елбасының «Алғыс хатын» алды.

Бүгінде білікті басшы әрі қолы алтын дәрігер жұбайымен бipre 5 баланы тәрбиелеп, өсірген үлгілі әке, аяулы жар. 45 жылдан астам еңбек өтілі бар Қ.Ршымбетов жас мамандарға үнемі қолдау көрсетіп, оларға жол сілтеп отырады екен. Сондай-ақ, ол жыл сайын айтулы мереке күндері аурухана зейнеткерлерін мерекелік іс-шараларға шақырып, сый-сияпат бepin және жағдайы төмен oтбасыларына жәрдем көрсететінін де атап өткен жөн.



«2019 - ҮЗДІК ҚАЗАҚСТАНДЫҚ» кітабынан,

Нұр-Сұлтан қаласы, 2020 жыл

12-11-2020, 21:10

Алғаусыз алғысқа бөленгендер

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлердің науқас алдында жауапкершілігі зор. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Олар дертке шалдыққандарға бастапқы диагнозды қойып, тез жәрдем көрсетудің арқасында әл үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалады, денсаулығын қалыпқа келтіреді. Ауданда мұндай мақтауға тұрарлық медицина саласының мамандары баршылық. Солардың бірі – Қазалы теміржол ауруханасының қызметкерлері десек артық айтқанымыз емес.


Бұл жерге қаншама жанына дауа іздеген сырқаттар келіп, жан-жақты шипа алуда. Өз кезегінде ризашылықтарын жеткізіп, алғаусыз алғысын жаудыруда. Сондай жанның қатарынан табылған аяулы ана Эльмира Ақниязова арнайы редакциямызға соғып, баласының дертін жазу үшін Ресей дәрігерлерінің еміне жүгінетінін тілге тиек етті. Бірақ бұл жолы теміржол ауруханасынан ем алуға бел буғанын жеткізді. Қабылдаған шешімі оң нәтиже бергені үшін дәрігерлер қауымына ризашылығын білдірді.

– Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің аман-саулығымызды бақылайтын ол әрине, ақ халатты абзал жандар. Адам басы ауырып, балтыры сыздап, дертіне дауа іздегенде медицина қызметкерлеріне жүгінері анық. Қызығы мен қиындығы қатар өрілген маңызды мамандық иелері қай кезде де мадаққа лайық. Өзгенің өмірі үшін күресіп, адам денсаулығына қауіп төніп тұрғанда дер кезінде сейілте білген дәрігерлер қауымының ерен еңбегін, маңдай терін ескерусіз қалдыруға болмайды. Бір қызығы, адам жанының арашасы болатын ең күрделі саланың басым бөлігін ару-аналар құрайды. Бұл да бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді әлдилеген жандардың ерекшелігін көрсетсе керек. Қазан айында баламмен теміржол ауруханасының балалар бөліміне түстім. Сол кездегі байқағаным адамды дәрі емес аппақ көңіл, сыпайы қарым-қатынас та емдейді екен. Бөлімге кіргеннен балалар дәрігері, бөлім меңгерушісі Жаңагүл Елубаева бастаған ұжым мүшелерінің жылы байланыс орнатуы, олардың антқа берік, өз жұмысына адал екендігін байқатты, – дейді ақтарыла сөйлеген ана.

Балалар бөлімінің меңгерушісі Жаңагүл Елубаева жас болса да өз ісінің маманы. Бізбен әңгімесінде әрбір баламен ем-шара қалай жүргізілетіндігі жайлы ақпарат берді.

– Балалар бөлімінде теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовтың бастамасымен 1,5 жыл бұрын диспансерлік есепте тұратын туа біткен ақауы бар балаларды қайта қалпына келтіру мақсатында екі орын бөлінген. Жалпы бұдан бөлек аталған бөлімде 12 кереует бар. Баланы қайта қалпына келтіру бөлімі қазалылықтар алысқа арбаланбасын деген оймен ашылған. Ақсай, Талсуат, Жаңақорған санаторийлеріне бейімделіп жасалған. Біз баласымен келген ата-анамен де жұмыс істейміз. Балалар жылына 2 рет емін алады. Мұнда дауна, дюшенрба, тіл мүкістігі бар және сал ауруына шалдыққандар жатады. Ауру тарихы талапқа сай жазылып, хаттамаға сәйкес ем беріледі. Кемінде 15 күн науқас жан-жақты қаралады. Бізбен бірге психолог, логопед қызмет көрсетеді. Монтисори психокоррекциондық жұмыс жасалады. ЛФК, массаж, электрофарез, емдік ванна, парафиндік пен дәрумендік және физиотерапия қызметтері бар. Невропатолог, окулист, хирург мамандарынан қажет жағдайда телемедицина арқылы облысқа шығып кеңес аламыз, – дейді Жаңагүл.

Эльмира Ақниязованың айтуынша, күні бойы науқастың жанынан табыла білетін, қажетті егу егіп, дәрісін ұсынатын мейірбике Перуза Әбдіғаппарова жайлы сөз басқа. Ол емшара уақытында әр баланың мінез-құлқына байланысты түрлі әдіс-тәсілдермен ортақ тіл табыса біліп, жүрегіне жол таба біледі. Жасалған ем-домының арқасында баласының жағдайы бірқалыпты.

Перуза Сайфуллақызы ауруханаға табандай 33 жылын арнаған. Қазіргі мамандығын ол бала кезде анасы жиі ауыратындықтан ерекше қалап таңдаған. Қазір 84-тегі әкесі Сайфулла мен 78-дегі анасы Мариямның денсаулығын дұрыстауға өз үлесін қосуда.

– Қарап отырсаң бір адамның ғұмырын теміржол ауруханасында өткіздім. Еш өкінбеймін. Науқастардың бар жағдайын жасаудан шаршамаймын. Осы кезге дейін мен қызмет атқармаған бөлім қалмапты. Әр саланың өзіндік ерекшелігі мен үйретері бар. Барлығында да хирургия, терапия және басқа да бөлімдерде болып мол тәжірибе жинадым. Осы ісіме қызыққан балаларым да медицина саласын таңдады. Қазір халыққа қалтқысыз қызметтерін көрсетуде, – дейді Перуза.

Ал физиотерапия бөлімінің жауапты мейірбикесі Аманкүл Абжанова мен мейірбике Гүлнар Досмамбетова үнемі ізденісте жүретін, халыққа лайықты медициналық жәрдем көрсете білетін жандар. “Олардың бауыр етім баламның емі үшін қосқан үлестері зор. Массаж жасап, аппараттарды қойып денсаулығын түзеудің жолдарын жасады. Күніне 60-70 науқасты қабылдап, 3-4 процедура қатарынан жасаса да жылы шыраймен шығарып салады. Соның өзі де алған емің жақсы әсер етуіне бірден бір көмек. Қорытындылай келе, темір жол ауруханасының ұжымына шексіз алғысымды, риясыз ризашылығымды білдіремін”, – деп ағынан жарылды ақ жаулықты ана Эльмира Ақниязова.

Медицина саласында өз орындарын ойып алған, емге зәру жандарға әрқашанда жылы сөздерімен көмек беретін ақхалаттыларды қалай мақтасақ та жарасады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтыратын дәрігерлердің еңбегі жана берсін дейміз.


Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

https://qazaly.kz/kogam/16422-alausyz-alysa-blengender.html 

10-11-2020, 18:13