«Денсаулық» пойызы Шиелі ауданына келді - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Денсаулық» пойызы 8-14 шілдеде Шиелі ауданында болды, осы аралықта 600-ден астам тұрғынынға медициналық көмек берілді.
Шиелі ауданы бойынша медициналық «Денсаулық» пойызының бас дәрігері - Тұңғышбаев Қанат. Пойыздың медициналық қызмет көрсету құрамында барлығы 17 қызметкер жұмыс жасады, оның ішінде 7-дәрігер, 9-мейірбеке және 1-компьютер бағдарламашысы бар. Сонымен бірге, медициналық пойызда невропатолог, терапевт, хирург, кардиолог, гинеколог, флюрография, эндоскопия, ЛОР, педиатр, окулист, стоматолог, УЗИ дәрігерлері және биохимиялық, клиникалық лаборатория қызмет атқарды.
8-14 шілдесінде Шиелі ауданы Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Бәйгеқұм, Бала би, Жөлек, Ортақшыл, Жуантөбе кентінің 600-ден астам тұрғынына 5 485 медициналық қызмет көрсетілді. Тұрғындар негізінен қан қысымы, жүрек ауруы және көз ауруы туралы көбірек шағымданған. 19 шілдеге дейін аталмыш медицицналық поездың мамандары Жаңақорған ауданы Екпінді, Төменарық, Жаңақорған, Аққұм, Талап, Бесарық, Сауран, Шорнақ стансалары тұрғындарына медициналық көмек көрсететін болады.
Еске сала кетсек, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, емдеу-диагностикалық пойыздарын құру жобасын іске асырды. Жобаны жүзеге асыру 2010 жылы «Денсаулық» емдеу-диагностикалық пойызын іске қосудан бастау алды. 2011 жылдың басында «Жәрдем» екінші медициналық пойызы өз жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаты - еліміздің шалғай аймақтарының тұрғындарына медициналық жәрдемді қол жетерліктей ету және ірі көлемдегі төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге мамандандырылған медициналық жәрдем көрсету болып табылады.
http://www.inform.kz/kaz/article/2925815
Маңғыстау облысында «Жәрдем» медициналық пойызы 13 станса тұрғындарына қызмет көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 шілдеден бастап «Жәрдем» кееестік-диагностикалық пойызы Манғыстау облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.
«Жәрдем» пойызының медицина мамандары Батыс Қазақстан облысының шалғай елді мекендеріндегі 9 стансаның және Атырау облысының 13 стансасының тұрғындарын тексеріп оларға жәрдем берді.
Аудан орталығына тоқтаған пойыз ішіндегі ақ халатты абзал жандар көмекке зәру жандардың сұранысын қанағаттандырды. Таңертеңнен бері пойызға ағылған халық толастар емес. Себебі дертіне шипа іздеген жандарға бұл пойыз шипаханаға айналды. Әсіресе алыс шалғайдан арнайы дәрігерлік қаралуға келе алмайтын жандар, еңбектеген баладан еңкейген ақсақалға дейін ауылына келген жәрдемнен құр қалмауға тырысады. Дәрігерлік көмекке жүгінгендердің көбісі аяғы ауыр әйелдер мен жас балалар. Себебі пойыз заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.
2016 жылдың 1 жартыжылдығында «Жәрдем» кенестік-диагностикалық пойызымен 37 күн ішінде Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының 20 стансасының тұрғындары тексерілді, 4 454 ересек тұрғын, сонымен қатар 376 балаға медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлерге келушілер саны 37 217 адамды құрады. 15 635 диагностикалық зерттеулер жүргізілді (4 744 ішкі ағзаны ультрадыбыстық зерттеу, 1 211 миды электроэнцефалографиялық және ультра дыбыстық доплерографиялық зерттеулер, 1 856 электрокардиографиялық зерттеулер, 1 234 көз ішінің қан қысымын өлшеу, 672 эзофагогастродуоденоскопия, 5 918 клинико-биохимиялық зерттеулер). 1 106 тұрғынға стоматологиялық жәрдем көрсетілді.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде пойыз мамандары 8 998 ауру түрін тіркеді, оның ішінде 813-і балаларда. 215 ісік анықталды, оның ішінде 5-уі балаларда.
12 шілдеде «Жәрдем» медициналық пойызы Маңғыстау облысы Өзен стансасының тұрғындарына көмек көрсетіп жүр, ал 15 маусым күні пойыз Жетібай стансасына мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында 3 күнге аялдайды. Осы сапарында барлығы Маңғыстау облысының 13 стансасына қызмет көрсету жоспарланған.
http://www.inform.kz/kaz/article/2924646
"Арманы алдамады"
"Қазалы" газетінің 2 шілде 2016 жылғы санындағы аурухананың массажист маманы Мұхит Кәдірбаев туралы "Арманы алдамады" атты мақала.Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттары бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығымен Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттары бекітілді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығы
2015 жылғы 30 сәуір №304 Астана қаласы
Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарын бекіту туралы
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 87) тармақшасына сәйкесбұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шартта- ры бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Қаржы департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми ин- тернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.ДҮЙСЕНОВА
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №304 бұйрығымен бекітілген
Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттары (бұдан әрі - Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Ақылы медициналық қызметтер медициналық қызметтерді тұтынушылар болып табылатын жеке тұлғаларға (бұдан әрі - пациенттер) көрсетіледі.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
ақылы бөлімшелер (палаталар) - денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы негізде ТМККК-ге кірмейтін медициналық қызметтерді көрсетуге арналған бөлімшелер (палаталар);
ақылы қызметтер - ТМККК-ге кірмейтін, пациенттердің жеке қаражаты, жұмыс берушінің, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты есебінен, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден ақы төленетін қызметтер;
денсаулық сақтау ұйымы - денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) Қазақстан Республикасының азамат тарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын медициналық көмектің бірыңғай көлемі.
2. Ақылы қызметтер көрсету тәртібі
4. Ақылы медициналық қызметтерді мемлекеттік және жеке меншік медицина ұйымдары аурудың бейіні мен медициналық қызметпен айналысуға мемлекеттік лицензиясы сәйкес келген кезде көрсетеді.
5. Ақылы қызметтердің түрлері және олардың баға прейскуранты медицина ұйымдарындағы көрнекі ақпарат арқылы халықтың назарына жеткізіледі. 6. Азаматтарға ақылы қызметтер көрсету кезінде есеп және есептілік құжаттамасын жүргізу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 56272 болып тіркелген) бекітілген нысандар бойынша жүзеге асырылады.
7. Денсаулық сақтау ұйымдары ақылы негізде медициналық көмек алған пациенттерге:
1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсеткен кезде тиісті медицина қызметкерлерінің қорытындысын;
2) стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсету, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту кезінде ауру тарихынан үзінді көшірме;
3) көрсетілген медициналық көмекке жұмсалған шығыстар туралы ақпарат ұсынады.
8. Ақылы медициналық қызметтер денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсетуге арналған шарт негізінде көрсетіледі.
9. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтердің бағалары медициналық, сервистік қызметтер көрсетуге байланысты барлық шығындар және өзге де қосымша шығыстар ескеріле отырып айқындалады және жарты жылда бір реттен артық қайта қаралмайды. Ақылы қызметтерге баға ТМККК арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшісі белгілейтін ұқсас медициналық қызмет тарифінен төмен белгіленбейді.
3. Ақылы қызметтер көрсету шарттары
10. Денсаулық сақтау ұйымдары ақылы қызметтер көрсетуді мынадай жағдайларда:
пациенттердің бастамасы бойынша, оның ішінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету және денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының жолдамасынсыз диагностикалық және емдеу қызметтерін көрсеткенде;
емдік формулярға енгізілмеген емдік құралдармен емдегенде;
ТМККК-ге кірмейтін медициналық зерттеулер жүргізгенде;
тиісті жолдамасыз санаторийлік емдеуде;
медициналық көрсетілімдерсіз медициналық-генетикалық зерттегенде;
жұмысқа орналасу және оқуға түсу үшін азаматтарды медициналық тексеріп-қарағанда;
ұйыммен шарт бойынша, оның ішінде ерікті сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсеткенде; қосымша сервистік қызметтер көрсеткенде жүзеге асырылады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 12 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11341 болып енгізілді.
http://www.inform.kz/kaz/article/2918589
ДӘРІГЕР БЕДЕЛІ ҚЫМБАТ
Елімізде маусым айының екінші жексенбісі Медицина қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Осынау кәсіби мерекеге орай газет тілшісі «Сыр медицинасы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Беисовпен әңгімелескен болатын.
–Облыстың денсаулық сақтау саласында қырық жылдай қызмет еткеніңізді білеміз. «Сыр медицинасы» қоғамдық бірлестігін құруға не себеп болды?
– Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын осыдан тура қырық жыл бұрын «балалар дәрігері» мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымның көп бөлігі басшылық қызметте өтті. Қызылорда қалалық біріккен балалар ауруханасы, облыстық наркологиялық орталық, қалалық №2 және №4 емханаларда бас дәрігер болдым. Зайыбым Үрмия да дәрігер. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер отбасымыз.
Адам денсаулығына медицинаның қатысы тек оннан бір бөлігі ғана. Мұны ресейлік ғалым Лисицын дәлелдеген.Соған қарамастан, бәрі дәрігердің қолында тұрғандай, медицина қызметкерлеріне алғыспен қатар сын да айтылады. Ел алдындағы дәрігер беделі сәл ақсағанын да мойындаймын. Десек те, бәрінен де дәрігер беделі қымбат.
Дәрігерлер қауымында өз салалары бойынша бірлестіктер жеткілікті. Олардың көбісі облыстағы филиал ғана. Үкіметтік емес ұйым құрып, облыс медицина қызметкерлерінің өзекті мәселелерін шешуге осындай бір бірлестіктің қажеттігін өмір көрсетті. Бұл идеяны әріптесім Серікбай Смағұлұлы берген болатын.
Бірлестіктің бұлай аталуының себебі бар. Аймақ медицинасының абыз ақсақалы, республикаға еңбегі сіңген дәрігер Ернияз Омаров пен дәрігер Серікбай Смағұлұлы бірлесіп жазған облыстың денсаулық сақтау саласының 1,5 ғасырлық тарихын қамтыған кітаптың аты «Сыр медицинасы» екенін ескердім.
– Бірлестік қызметінің мақсаты қандай?
– Сыр өңірі медицина қауымының бай дәстүрі бар. Басты мақсат – сол дәстүрді жалғастыру, облыс медицина қызметкерлерінің беделін арттыру. Сондай-ақ, тың жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жәрдемдесу, түйткілді мәселелерді шешуге атсалысу, құқықтық кеңес беру, облыс көлемінде жеке медицина қызметінің дамуына ықпал ету және олардың құқықтарын қорғау, облыс медицинасына қазіргі заманғы озық технологияларды енгізуге ықпал ету.
– Атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз...
– Бірлестіктің құрылғанына осы маусым айында бір жыл болады. Өткен жылы оның жұмысы туралы барлық аудан орталықтарында болып, әріптестерімізді толық ақпараттандырдық. Бүгінде бірлестікке 6 мыңдай адам мүше. Біздің басқа бірлестіктерден айырмашылығымыз, тіркеуден өткен «Сыр медицинасы» атты газетіміз бар. 3000 таралыммен тарайтын газет айына екі рет шығады. Облыс медицинасының төл газетіне биыл 20 жыл толады. Сондай-ақ, өз ісін абыройлы атқарып, ел құрметіне бөленіп жүрген медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында бірлестіктің «Сыр медицинасының үздігі» медалін тағайындап, онымен он бес адамды марапаттап үлгірдік. «Интернет» желісінде бірлестіктің жеке ресми сайты тұрақты жұмыс істеуде.
– Қазіргі денсаулық сақтау саласының дамуы қалай?
– Біз қатарлы ұрпақ институтты тегін оқып, стипендия алды, жатақханада тұрды. Ол кездегі ақпарат көзі тек кітап болатын. Сосын әр бес жыл сайын білім жетілдіріп отыратын. Бүгінде бәрі өзгерді. Медициналық орта және жоғары оқу орнында ақы төлеп оқиды. Оның ықпалының қандай болатыны алдағы кездің еншісінде.
Медицина қызметкеріне қажет ақпарат көзі жетерлік. Дегенмен, әрбірі бос уақытында өз бетінше білімін жетілдіріп отырса, құба-құп болар еді. Өйткені қазіргі медицинаның даму қарқыны өте жоғары. Көптеген әріптестеріміз тіпті шет елден білім алып, біліктілігін арттыруда. Мұндай біздің қиялымызға да кірмейтін.
Дәрігерлер әлі де қағазбастылықтан арыла алмай жүр. Денсаулық сақтау саласында да реформалар көп. Олардың нәтижелерін уақыт көрсете жатар.
Біздің кезімізде адамның тәнін оқытты. Ал адам онымен қоса жаннан да тұрады ғой. Әріптестеріме сырқат адамның жанын түсіну жағына көбірек ден қойса деп ойлаймын. Сол үшін өз газетімізде медициналық психология, қарым-қатынас өнері сияқты мәселелерге көбірек мән береміз. Бұл тақырыпта семинар-сабақтарды да өткіздік.
Облыстың аға газетінің мүмкіндігін пайдалана отырып, бірлестік атынан Сыр өңірінің барлық медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Олардың кәсібіне береке, өздері мен отбастарына мықты денсаулық тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ
«Сыр бойы» газетінен
Қаратереңдегі кездесу
«Елу жылда – ел жаңа». Осынау даналық сөздің мағынасын Қаратереңдегі тағылымды шара терең ұғындыра түсті. Бұл түтіні түзу ұшқан іргелі қоныстағы №82 мектепті мұнан жарты ғасыр бұрын бітірген түлектердің басқосу жиыны болатын. Бүгінгі таңда ата-әже атанып, жетпіс жасқа қадам басқан бұрынғы сыныптастардың қуанышында шек жоқ. Есімдері елге жақсы мәлім салиқалы жандар бір сәтке тұлымшағы желкілдеген бойжеткен, түбіт мұртты бозбалаға айналып сала берді. Баршасы мәре-сәре. Сағымға айнала бастаған бал кезеңнің, оқушы күндердің естеліктерін айтып тауыса алар емес. «Туған елдің түтіні де тәтті». Осыншама жылдан соң өздерін қуанышпен қарсы алған ауылдастарына Н.Дәулетбаев, С.Қосжанов, Қ.Ақшатаев шексіз ризашылықтарын білдірді. Мектеп директоры Кешубай Маханов жарты ғасырлық кездесуге келген байырғы түлектерге білім ордасының ұжымы атынан алғысын жеткізді. Міне, жүрек толқытқан сәт. Мұнан 50 жыл бұрын мектепті үздік бітірген танымал азамат, Қазалы ауданындағы теміржол ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі Құбыл Ршымбетов тебірене сөз сөйлеп, білім ордасына бұрынғы түлектер атынан сый тапсырды. Реті түскенде Құбыл туралы оқырмандарға аз-кем дерек ұсына кетсек. Кезінде біліктілігімен дараланған Ршымбетов ауыл жастарының бастамаларына жанашырлық танытып, туған жеріне мүмкіндігінше қолдау көрсетуден тартынған емес. Ағамыз бұған дейін де түлектердің 25, 30, 40 жылдық кездесулеріне ұйытқы болыпты. Басқосуда жерлестері Құбылдың ауылға деген алғаусыз ниетіне тәнтілік танытты. Кездесу барысында сыныптастар өмірден өткен достарын жадына түсірді. Мешітке барып құрдастары мен ұстаздарының рухына құран бағыштады. Бақиға аттанған сыныптастарына арнап құлпытас қойды. Сол күні тура жетпіс жасқа толған Шарипа Жүсіпова анамыз «Жарты ғасырды артқа тастаған біздерге бұл кездесудің орны ерекше. Бұл шара тек осымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға үн қосамыз» дейді зор толғаныспен. Кездесу соңы «Қаратерең вальсі» әнімен қорытындыланды. Жұмабек Табынбаев, Арал ауданы, Қаратерең ауылы |
Ауруханадағы мемлекеттік рәміздер бойынша атқарылған жұмыстар
1992 жылғы маусым айының 4-ші жұлдызы ҚазақстанРеспубликасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері-Туы, Елтаңбасы, Әнұраны- дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.
Мемлекеттік рәміздер - бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі.
«Апаттар медицинасының госпитальдары» Акционерлік қоғамының филиалы - « Қазалы теміржол аурханасы» мемлекеттік рәміздерді қолдану және пайдалану тәртібі бойынша іс-шаралар белгілеп, жұмыстар жүргізді.
Мемлекеттік рәміздерге деген жалпы халықтың құрметін арттыру және жастарға оның маңыздылығын түсіндіру мақсатында насихат жұмыстары күшейтілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының және Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелері, Мемлекеттік Гимннің мәтіні мекеменің салтанатты шаралар өтетін мәжіліс залының арнайы жерінде бір деңгейде, ретімен орналастырылған.
Мекеме басшысының бұйрығымен ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесі негізінде мекемеішілік тұрақты комиссия құрылған.
Аурухананың ресми веб-сайты мемлекеттік рәміздерге арналған Қазақстан Республикасының Заң талаптарына сәйкес бақыланады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мемлекеттік лицензиясы бар заңды тұлғалар арқылы сатылып алынады, аурухана ғимаратында ұдайы ілініп тұрады, сондай-ақ салтанатты және спорттық іс - шаралар кезінде тігіледі. Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келеді, жарамды күйде, сапасы жақсы, қолдану тәртібі қатаң сақталады. Ауа райының қолайсыздығын ескеріп, 2016 жылы мекеме бойынша 15 дана Мемлекеттік Ту алуға қаржы бөлу қарастырылды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңба бейнесі аурухананың мөрі мен құжаттарының бланкілерінде орналастырылған, көлемі ұлттық стандартқа сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, өзге де салтанатты іс-шаралардың ашылу кезінде бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады және орындалу тәртібінің қатаң сақталуы бақыланады.
Сурет kaztv.kaztrk.kz сайтынан алынды
С. ЕРДАЛИЕВ
Адамның өмірі – әлемнің тынысы
Мамыр айының 17 жұлдызында дүниежүзі елдерінде пульмонолог-дәрігерлер өзіндік кәсіби мерекесін тойлайды. Тұмау, баспа, пневмония, бронхит, өкпе қабынуы, демікпе секілді тыныс алу жолдарының ауруларын емдеуге ат салысатын дәрігерлер қауымын пульмонолог деп атайды. Ал әлемнің кей мемлекеттерінде пульмонология саласын респираторлы медицина ретінде атау да таңсық жайт емес.
Бұл мереке алғаш 1997 жылы атап өтілді. Сол уақыттан бері жыл сайын 17 мамырда
пульмонологтар және олармен кәсібі жағынан тығыз байланысты терапевтер мен
реаниматологтар мақтау қағаздарымен марапатталып, сый-құрметке лайықты деп
танылады. Осы күні бүкіл әлем бойынша ғылыми конференциялар мен семинарлар,
телевизия және радиоэфирлерде арнайы дәрістер мен пульмонология саласының
жетістіктері жайлы түрлі бағдарламалар өткізіледі.
Адамның тыныс алу мүшелері – өмір сүру үшін аса қажетті функционалды органдар
болып табылады. Сол себепті оны күтіп ұстау керек-ақ. Зауыт-фабрикалар,
көліктерден шығатын түтіндер мен лас ауа өкпе жұмысын ауырлата түседі, ал
темекі шегуге құмарлық тыныс алу жолдарын мүлде бөгемек.Денсаулыққа салғырт
қараудың аяғы өкпе туберкулезіне шалдықтырады. Сонымен қатар суықта өзін-өзі
күтпеудің соңы тұмаумен ғана шектелмей, бронх демікпесі, пневмониямен не болмаса бронхитпен
жалғасады. Ал денсаулығына салғырт қарайтын науқастар дер кезінде дәрігерге
қаралмаса, мұндай аурулар тізімі өкпе обырына(рагіне) әкелмесіне кім кепіл?
Көрдіңіз бе, жай ғана суықта жылы күтінбеу немесе темекіге құмарлық адам өмірін
қаншалықты құртпақ? Осыған қарамастан қарапайым тұмаумен шатастырып, дәрігер
қарауына асқынған сәтте бірақ баратындар пульмонолог дәрігерлер жайында тіптен
хабарсыз. Көп жағдайда олар өздерінің емдеуші терапевт дәрігерлеріне жолығып,
тек содан кейін арнайы мамандарға жолдама алады.
Адам физиологиясының күрделі органдарына жауапты дәрігерлердің еңбегін бағалап,
оларға құрмет көрсету мақсатында атаулы мерекелік шара енгізілген еді. Себебі
пульмонолог-дәрігерлер тыныс алу мүшелерінің қызметін, оның анатомиясын
жан-жақты зерттеп, алдын-алу мен емнен кейінгі шараларға жауапты. Ақ халаттылар
мойнында сан мың адам тағдыры жатыр. Ал мұндай ауыр жүкті көтеріп жүру
медицинадағы пульмонология саласының қызметкерлеріне тиісті міндет екенін
ұмытпайық!
Автор: Назерке ТЛЕУБАЕВА
http://www.zhardem.kz/news/1463718190.html
Медициналық пойыздар дәрігерлері Қазақстанның шалғай аудандарының тұрғындарына тегін көмек көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық пойыздар мамырдан тамыз айына дейінгі аралықта Қазақстанның ең шалғай аудандарында болады., мамандар тегін кеңес береді, сондай-ақ 18 дәрігерлік мамандықтар бойынша диагностика өткізеді.
«Пойызда заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтары, шағын-операциялық бөлме, Ғаламтор мен телекоммуникация құралдарына қосылған зертхана бар. Медициналық бригада құрамында жоғары білікті дәрігерлер, тераптевт, педиатр, көз дәрігері, құлақ-мұрын көмекей ауруларының маманы, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, тiс дәрiгерi бар.
«Самұрық - Қазына» АҚ компаниялар тобы мен «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтiк жобалар дамыту қоры қолдауымен «Медицина пойызы» мына бағыттарда жолға шығады: солтүстік аймақта «Саламатты Қазақстан» 10 мамырдан бастап 2016 жылдың 11 шілдеге дейін; батыс аймақта «Жәрдем» 23 мамырдан бастап 2016 жылдың 25 шілдеге дейін; оңтүстік аймақта «Денсаулық» 10 маусымнан бастап 2016 жылдың 11 тамызға дейін сапарда болады.«Саламатты Қазақстан» пойызының бірiншi рейсі Қарағанды стансасынан 2016 жылдың 10 мамырында сағат 10.15-да аттанады. .
Осы жоба 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 2010 жылдан 2015 жылға дейiн медициналық пойыз 929 мыңнан астам стансаларды қамтып, 280 мыңнан астам адамға медициналық білікті көмек көрсетті.
http://inform.kz/kaz/article/2899649
Ауруханада өткен Дүниежүзілік Денсаулық күні
"Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары” Акционерлік қоғамының филиалы – "Қазалы теміржол ауруханасында” 7 сәуір – Дүниежүзілік Денсаулық күніне орай 2016 жылдың 1-7 сәуір аралығында «Мен жұқпалы аурулардан сақтана аламын!» ұранымен апталық ұйымдастырылып, өткізілді.
УДЗ, ЭКГ, глюкометр аппараттарының қызметі, скринингтік тексеру, қан қысымын анықтау, салмақ өлшеу, қауіп-қатер факторларына түсіндірме жұмыстарын жүргізу және кеңес беру шаралары ұйымдастырылып, олармен барлығы 347 адам қамтылды. Көрнекті жерлерге салауатты өмір салтын және жұқпалы аурулардың алдын алуды насихаттайтын ақпараттық-танымдық материалдар, санбюллетендер, стендтер ілінді. Емхананың қызмет аймағында орналасқан «Ақбота» балабақшасы мен №165 және №204 орта мектептерде таңертеңгіліктер, көңілді эстафеталық сайыстар мен спорттық шаралар ұйымдастырылып, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.
Аурухана қызметкерлері Әйтеке би кентінің орталық стадионында медициналық қызметкерлер арасында ұйымдастырылған спорттық ойындарға белсене қатысып, оның 7 түрі бойынша жарыстар қорытындысымен жүлделі орындарға және жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Серік ЕРДАЛИЕВ